«Айналайын» лагері
«Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы №60 орта мектептің жанынан ұйымдастырылған 5-12 жас аралығындағы балаларға арналған «Айналайын» лагері өз жұмысын бастады.
«Айналайын» тілдік лагерінің бірінші маусымдық ашылуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталық директоры Жания Мұхамбетова және мектептің директоры Абзал Амантайұлы балаларға сәттілік тілеп, ыстық ықыластарын білдірді. Мектеп ұстаздары балалардың көңіл-күйлерін көтеру мақсатында түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейпіне енді. Балалар да өз өнерлерін аяп қалмады. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, қызықты ойындар ойнатылды.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына әрі жазғы демалыста жақсы тынығуына мүмкіндік беретін «Айналайын» лагері «Нұр Ақтөбедегі» сыңғырлап тұрған жаңа мектеп ғимаратында орналасқан. Онда демалушыларға қолайлы жағдай жасалған. «Айналайын» жазғы сауықтыру лагерінде 300 бала демалмақ. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 100 бала, қалғаны ата-аналардың өз есебінен қаржыландырылады. Әр баланың жолдамасы 12 мың теңге тұрады. Бірінші кезеңде қазір 96 бала демалуда. Оның ішінде 20 балаға қаржы бюджеттен бөлінеді.
Балалардың жазғы демалысының әрі қызықты, әрі пайдалы болу жағына ұйымдастырушылар аса мән беріп отыр. Мемлекеттік, орыс тілдерімен қатар өнер мен ғылымның, технологияның тілі – ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруды көздеген олар балалардың демалыста үш тілді де дамытуына мүмкіндік жасайды. Мектеп жанындағы жазғы тілдік лагері үш кезеңнен әр кезең 12 күннен тұрады.
Сондай-ақ лагерь заманауи талаптарға сай адам өміріне қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Балалардың тыныштығы мен қауіпсіздігін мектеп мұғалімдері мен медбикелері жүйелі түрде қамтамасыз етеді.
Мектеп жанындағы лагерьде балаларды төрт мезгіл тамақтандыру қарастырылған, яғни таңғы ас, екінші таңғы ас, түскі ас және бесіндік ас. Лагерь бағдарламасы бойынша бассейн, ағылшын тілі, орыс тілі, кинотеатр және театр, шығармашылық үйірмелер, Әлия Молдағұлова музейіне, тарихи-өлкетану, өнер мұражайларына, планетарийға саяхат, тақырыптық кештер ұйымдастырылады.
Ардақ Қонақбаева. Ақтөбе газеті, 12 маусым Дүйсенбі 2017 жыл. №68 (20.501)