“Биіктерге бірге!”
«Самұрық-Қазына»әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Менің елім»әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының аясында Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облысының орта білім беру ұйымдары арасында «Биіктерге бірге» үздік спорттық жоба байқауы ұйымдастырылды.
Байқау талаптарында облыс мектептері бойынша соңғы бес жыл аралығында спорт жарыстары мен ойындарынан жетістіктері бар мектептер қатыса алатыны көрсетілген. Алайда, «Нұр Ақтөбе» қалашығында бой көтеріп, 2016-2017 оқу жылында ғана өз жұмысын бастаған №60 ЖББОМ ұжымының «Дене тәрбиесі»бірлестігі ұстаздары да бұл байқауға қатысуға мүмкіндік алды.
Бірлестік оқытушылары үздік спорттық жоба жасап, 2017 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылдың мамыр айына дейін өткізіліп отыратын «Жеңіс-2017» спорт ойындарының бағдарламасын ұсынды.
Бағдарлама мақсаты «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру аясында мектеп оқушылары, ата-аналар, Қарғалы тұрғын алабы халқының арасында спортпен шұғылдануды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау болса, спорттық жарыстар,түрлі шаралар арқылы мектеп, оқушы және ата-ана арасында ынтымақтастықты арттыру,достыққа, бірлікке тарту міндеттерін басшылыққа алды.
Әлеуметтік жобаны қорғау нәтижесінде облыс бойынша жеңіске жеткен 50 мектеп арасына қанатын кеңге жайған № 60 ЖББОМ ұжымы да ілігіп, «+ М» типті спорттық жабдықтар кешеніне қол жеткізіп, үлкен табысқа кенелді.
Биіктерді бірге бағындыруға бағыттап келе жатқан білім ордасының басшысы А.А.Тажимишевке ұжым мүшелерінің, ата-аналардың және Қарғалы тұрғын алабы халқының айтар алғысы шексіз. Ел үшін еткен еңбегіңіз, кемел келешегіміз жарқын болу үшін жасап жатқан игі істеріңіз халық қажетіне жарап, ұжымыңызбен биік белестерді бағындыра беретініңізге біз сенеміз.
М.К.Романова