Кішкентай ханшайымдар
Табиғат жаратылысы өзіне тән жыл он екі ай төрт мезгілмен ұштасады. Әр мезгіл өз сұлулығымен таңдай қақтырарлықтай. Мысалы қыс – мамықтай жұмсақ, кіршіксіз таза көңілдей аппақ қарымен көрікті болса, ал көктемде жылғалардан су ағып, өсімдік атауы бүршік атып, ағаштар ақ гүлден моншақ тағынады, төрт-түлікте төлдеп тіршілікке жан бітеді. Айналасын жасыл кілемге төсеп дала біткенді суға жүгіртіп, қарынын үзілген жеміске тойдырған жаз да бар.
Шаһар төріне өзінің басқа маусымдарға ұқсамайтын келбетімен күз де келіп жетті. Сары жапырақ қоңыр салқын ауа-райы, жабырқаулы көңіл-күй, қара суық жер күзге тән қасиет. Мектепке асыққан бала, қоймасын астыққа толтырған диқаншы, қыс азығын жинаған шаруа, еңбекпен біте қайнасқан тірлік күз мезгіліндегі қызықты жайттар. Сондықтан күз-молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі болып саналады.
Міне, молшылық пен береке мезгілінде Қарғалы «Геолог» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қалалық «Күз ханшайымы – 2017» сайысы өтті. Сайыс бағдарламасы бірнеше кезеңнен құралған. Өнерлері мен дарындылығын сынауға жан-жақтан келген жас бүлдіршіндер арасында мектебіміздің оқушылары да бар.
Мектебімізден қатысқан оқушылар көрермендерді әр түрлі образдағы бейнелерімен еліктіріп, мерекелі көңіл-күй сыйлады. Оқушыларымыздың өнерлері, сән үлгісіндегі киімдері, әсем безендірілген қолөнер бұйымдары әділқазылар көңілінен де орын тапты.
Сайыста дараланып І орын иеленген 4«Б» класс оқушысы Ертай Дильназ Ерболатқызы, класс жетекшісі Ә.Сагиндикова. «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алған 3«А» класс оқушысы Алтай Анель Арсенқызы, класс жетекшісі Дүйсенова Самиға Тыныскалиевна. Белсенділігі үшін «Алғыс хат» марапатталған 3«Б» класс оқушысы Жакежанова Ақбота Шамиловна, класс жетекшісі Канапина Гүлмира Сабыровна. Әр оқушының өнерін біліммен ұштастырған, дәріс берген, тәрбиелеген ұстаздарымызға шығармашылық табыс, талмас талап тілейміз. Оқушыларды жеңістерімен құттықтаймыз! Біліммен, өнермен алға самғаңдар!
Дайындаған: Кужахметова А.С.