«НҰР НАУРЫЗ – ХАЛЫҚ ТОЙЫ»
Орнасын жүректе –нұр, көңілде- құт,
Сарқылмас дәстүрімді өнеге тұт.
Ұлыстың ұлы күні қадірменді,
Қош келдің!
Әз, Наурызым, төріме шық!
– дей келе биылғы төл Жаңа жылымызда жақсы жаңалықтар лайым көп болғай. Ұшса құстың қанаты талатын осынау қазақтың кең даласында сан ғасырлар бойы тойланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлық мереке – Наурыз. Ынтымақ пен ізгіліктің символына айналған бұл мейрам жыл өткен сайын жаңарып, ерекше реңмен аталып жүр. Биыл да дәстүр жалғасын тапты. Сөзім дәлелді болу үшін, «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданындағы №60 жалпы білім беретін орта мектептің жанынан ұйымдастырылған мерекелік іс-шара жоғарғы деңгейде өткізілді. Білім ордамызда жақсылықтың жаршысы, Ұлыстың ұлы күні Наурыз думаны тойланды. Ұлан-асар тойымызда әсем ән айтылып, көңілді бимен өрнектеледі, жиылған жұртшылықпен ұлттық ойындарымыз ойнатылып, киіз үйімізден ұлттық тағамдар мен Наурыз көже ұсынылды. Ауқымды мерекелік шарамыз дүйім жұртқа тек шат-шадымнан көңіл-күй сыйлады.
Ұлылықты ұлықтайтын осынау айтулы мерекеде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, ортақ мақсат-мүдделерімізді жетелейтін, ерлікті, ауызбіршілікті, қазақ халқының салт- дәстүрін, әдет- ғұрыпын, ырым-тыйымдарын дәріптейтін, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, дәстүрімізді дәріптейтін келешек ұрпақтың болашағы жарқын болуға ат салысайық. Сонда ғана, бес саусақтың салаларындай, бір әулеттін балаларындай ауызбіршілікте салтты сақтап, дәстүрді дәріптеп қазақ халқының болашағы жарқын етпекпіз.
Кожабаева Мира Кайырбековна