ОНЛАЙН ҚҰҚЫҚ МЕКТЕБІ
АТА-АНАЛАРДЫҢ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ЗАҢДЫ ӨКІЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ. Бұл жобада Біз Сіздермен бірге ата-аналар мен оқушылардың міндеттері мен құқықтары, тәртіп және мектеп ережесі, құқық бұзушылық және қылмыс жасаудың алдын-алу мәселелерімен қарайтын боламыз. Өздеріңіз білетіндей қазіргі кезде елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында, құқық бұзушылық пен қылмыс жасау жағдайлары белең алып отыр. Міне, сондықтан да жобанын басты мақсаты – ата-аналар мен оқушылардың құқықтық сауаттылығын көтеру арқылы, оқушылар арасындағы тәртіп және құқық бұзушылықтың алдын-алу. Бұл жобаның ең басты тиімділігі – заман талабына сай болуында. Ұзаққа созылатын ата-аналар жиналысы мен оқушыларға арналған лекциялар тиімділігі төмен және қызықты емес деп айтуға болады. Ал ютуб каналда орналасқан бұл түсірілім әрдайым смартфондар арқылы қолжетімді және қажет болған жағдайда бірнеше рет қарап көруге болады. АТА-АНАНЫҢ МІНДЕТТЕРІ “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы” Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 Заңы 24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi 1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері өздерiнің қабiлетi мен қаржы мүмкіндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi. 2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi. “Білім туралы” Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі N 319 Заңы 49-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері 1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерінің: 1) баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға; 2) ата-аналар комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға; 3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға; 4) өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан консультациялық көмек алуға; 5) балаларының шарттық негізде қосымша қызмет көрсетулер алуына құқығы бар. 2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер: 1) балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге; 2) балаларды одан әрі жалпы білім беретін мектепке беруді айқындай отырып, мектеп алды даярлығын қамтамасыз етуге; 3) білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға; 4) балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге; 5) білім беру ұйымы жұмыскерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге; 6) білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға; 7) білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті.