«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек»
Бүгінде өлеңдері ең көп оқылатын ақын да – Мұқағали. Мұнымен ешкім дауласпайды да! Күнделігінде Мұқаң: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деп жазыпты.
Қазақтың маңдайына туа біткен, талай жүрекжарды жырлардың авторы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 87 жылдық мерейтойы қарсаңында №60 ЖББОМ ақынды сағынышпен еске алды.
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өзі айтқанын қайталадым. …Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарамын…» – деп қарапайым қазақтың қара өлеңінің жілігін шағып, майын ішкен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне және шығармашылығына арналған шаралардың бастысы мыналар болды.
Ұстаздық басты мақсат – қысқа ғұмыр ішінде халқына поэзияда өзіндік өшпес із қалдырған ақиық ақын М.Мақатаев өмірі мен шығармашылық еңбегін оқушыларға ұғындырып, сезіндіру.
«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деген атпен виртуалды көрме ұйымдастырылды.
«Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» атты 8-11 класс оқушыларының қатыстырылуымен әдеби-сазды кеш өткізілді. Бұл іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандары өткізді. Әдеби-сазды кештің өткізілу мақсаты – ақынның өмір өткелдері мен өшпес туындылары туралы айта келіп, оқушылардың танымдық білімін көтеру, сонымен бірге жыр сүйер жас әуесқойларды ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқуға және ақынның ерекше қасиеттерін бағалай білуге тәрбиелеу.
Әдеби кеште оқушыларымыз ақынның өмірінен сыр шертіп, өлеңдерін мәнеріне келтіре жатқа оқыды, сөзіне жазылған әндерін әуелете шырқады.
Бастауыш класс бірлестігінің ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ақиық ақыны М.Мақатаевтың мерейтойына орай «Қарасаздан ұшқан қарлығаш!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында оқушылар ақынның өлеңдеріне жазылған «Туған күніңмен!», «Бақыт деген…», «Бақытты балалық шақ» атты әндерін төгілте шырқап берді. Бүгінде Мұқағали поэзиясын сүйіп оқымайтын қазақ жоқ. Оның нәзік «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасын Канибетова Наргиза жыр сандығынан гауһар ұсынған сөз зергеріндей жеткізе білді.
Қазақтың құнарлы, бай тілімен жазылған талай жалынды жырлардың авторы М.Мақатаевтың туған күніне орай мектеп кітапханасында «Мұқағали – сырлы әлем» атты әдеби-танымды сағат өтті. Оқушылар ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Мектеп кітапханасында өткізілген әдеби-танымдық сағат барысында оқушылар М.Мақатаевтың еңбек жолы және шығармашылығымен танысып, ой түйді. Ақынның сөзіне жазылған «Сенің көзің…» атты әнін караокемен төгілте орындап, ақын әлеміне саяхат жасады. Ұйымдастырушылар: Гульмира Коныскалиевна және Айымгул Бозшина.
Бұл айтулы іс-шарадан №60 ЖББОМ қызмет етіп жатқан 93 класс жетекші де қарап қалмады. Әркім өз кластарында тәрбие сағаттарын өткізді. Атап айтар болсақ, 9 «Ә» класында өткізілген «Мұқағали – өшпес тарих» атты тәрбие сағаты (класс жетекшісі Алшағырова Т.С.), 7 «Ә» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Айтенова А.Т.), 7 «А» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Садуакасова Г.А.), 4 «З» класында өткен класс сағатында да оқушылар ақын шығармашылығымен танысып, өз өлеңдерін оқыды. 4 «Б» класында өткен тәрбие сағаты (класс жетекшісі Сагиндыкова А.С.), 6 «Ғ» класында өткен тәрбие сағаты, 3 «А» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ақын» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Дүйсенова С.Т.), 7 «В» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Бозлакова А.Д.), 3 «Е» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Сайымова Г.К.), 8 «Г» класында өткен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тәрбие сағаты (класс жетекшісі Мыңбаева Г.Т.) мектеп тарихында қалары сөзсіз.
Әдеби-сазды кеш, кластағы тәрбие сағаттары, виртуалды көрменің берер тағылымы мен өнегесі мол болды, ерекше сазды әуенге толы, поэзия әлемін көрермен бойына дарыта білді.
Мұқағали мұрасы – ұлттық мұраға қосылған асыл қазыналардың бірі. Ақиық ақынның әр тақырыптағы жырларын мәнерлеп, нақышына келтіре оқыған оқушылар ақын өлеңдерін қалың көрермен жүрегіне жеткізе білді.
Бұл Мұқағали жырларының мәңгілік екендігін көрсетеді. Мұқағалидай ақыны бар халық – бақытты халық.
№60 жалпы білім беретін орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Құлжанов Аралбай Бөрібайұлы