ҚАБҚ ұсыну жұмысы – мектептің табыс көзінің бірі
Мектепті білім ордасына айналдырып қана қоймай, оқушылар уақытының көп бөлігін өткізетін екінші үйіне қалай айналдыруға болады? Бұндай түбегейлі өзгерістер тек қосымша қаражат көзі болғанда ғана мүмкін. Ал қосымша қаржы көзін қайдан аламыз?
Мектепке қайырымдылық көмек көрсететін Атымтай Жомарттардың табылатыны сөзсіз. Дегенмен тек қамқоршыларға немесе мемлекетке үміт артып, алақан жайып отырудың қажеті жоқ. Қазақстандық заңнамамен өз бетімен қаражат табу құқығы берілген, яғни ақылы негізде қосымша қызметтер көрсетуге болады. Бұдан бәрі ұтады.
Бүгінгі таңда мектептің табыс көзінің біріне – қосымша ақылы білім беру қызметтерін ұсыну жұмыстары кіріп отыр. Сондықтан да материалдық базаның дамуы – ҚАБҚ ұсыну жұмысының дұрыс жүргізілуіне байланысты.
№60 ЖББОМ құрылғанына бір жарым жыл болған жас екендігіне қарамастан ақылы қызметтер көрсету саласындағы тәжірибені тез игеруде. Және мұның қажеттілігін сезіне түсудеміз. Біріншіден, ақылы негізде қосымша қызметтер көрсетуден түскен қаражаттың есебінен білім ордасының материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Екіншіден, мұғалімдердің еңбегі ынталандырылады. Үшіншіден, балаларды жетістікке жетелейтін мықты уәждеме қалыптасады. Себебі оқушылардың зияткерлік, мәдени, спорттық жетістіктерін рухани, материалдық тұрғыдан да марапаттау жұмыстарын жүргізу керек.
Алғашқы жақсы нәтижелер де көріне бастады. Мектепішілік ата-аналар комитетінің төрағасы Әлиұлы Боранбаймен бірге педагогикалық ұжым педкеңесте мектеп басшысы А.А.Тажимишев бастаған әкімшілік тарапынан жағымды жаңалық естіп, бір қуанып қалды. Атап айтқанда №60 ЖББОМ қосымша ақылы білім беру ісінен түскен қаражатқа мектептің материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында бірсыпыра құрал-жабдықтар сатып алған. Соның ішінде алынған 3 көпфункционалды құрылғы (принтер-сканер-ксерокс, 3-еуі 1-де), LED теледидар, ноутбук, қабырғаға бекіткіш, кәсіби фотоаппаратқа арналған жарықтандырғыш, спорт орталығына 2 жаттығу жабдығы (велотренажёр) қажеттіліктеріне қарай нысандық бөлімдерге берілді. Білім беру мекемелерін осындай заманауи құралдармен материалдық-техникалық жабдықтау – білім беру ордасының материалдық-техникалық базасын қалыптастырудың ажырамас бөлігі.
Бұндай жағымды жаңалық оңай келген жоқ. Бұл жолда мектеп әкімшілігі, мұғалімдері тарапынан талай тер төгілді.
Оқушылардың және олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) қосымша білім беру қызметтеріне деген сұраныстарын қанағаттандыру, мектеп оқушыларына білім беру біртұтастығын іске асыру, білім мазмұнын жаңарту мақсатында сауат ашу (1 класс оқушылары үшін), математика (2 кластар үшін), ағылшын тілі (1-8 кластар үшін) және мектебіміздегі «Жеңіс» спорт орталығында мектеп оқушыларының салауатты өмірін қалыптастыру мақсаты үшін бокс, кикбокс, үстел теннисі секілді спорт секциялары ақылы қызмет көрсету түрінде ұйымдастырылған болатын. Бүгінде мектепте ақылы қызмет көрсетіп жатқан 26 мұғалім, 68 топ, соның ішінде 650 оқушы бар.
Қосымша ақылы білім беру қызметтерін көрсету жұмыстарын нақты ұйымдастыру және үйлестіру бойынша оқу жылының басында мектепте бұйрық шығарылды. Қазіргі таңда мектепте “Young stars” атты бастауыш класқа арналған ағылшын тілі үйірмесі, “Bright Learners” атты жоғары класс оқушыларына арналған ағылшын тілі үйірмесі, «Сиқырлы сандар» үйірмесі, «Сауатты оқып, сауатты жазамыз» үйірмесі, «ART VIEW» үйірмесі, «Әсем гүлдер» үйірмесі, «Бокс», «Кикбоксинг», «Үстел теннисі» секциясы жұмыс жасайды.
Мектебімізде білім алушыларды сапалы біліммен шыңдау, уәжі төмен оқушыларды қосымша үйірмелерге қатысуға насихаттау, сонымен бірге ақылы қызмет көрсетіп жатқан мұғалімдердің оқу процесіндегі шеберліктерін одан әрі арттыру, қосымша ақылы білім беру қызметін жүргізіп отырған мұғалімдерге жағдай жасау, соның ішінде, кабинеттің жетіспеуін қарастыру секілді т.т. жұмыстар – мектептің алдында тұрған үлкен мақсат. Осы мақсатқа жету жолында ҚАБҚ ұсыну жұмысының тиімділігіне тағы да бір көзіміз жете түскендей.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құлжанов Аралбай Бөрібайұлы