Алматыға саяхат

Биыл облыстық пәндік олимпиаданың 10 жүлдегері үшін ерекше әрі есте қаларлық күндер Алматы қаласына жасалған үш күндік экскурсиялық сапар болды. 19-21 мамыр күндеріне жоспарланған сарардың басты мақсаты – халқымыздың ардақты ұлы, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұражайына барып, оның өмір жолымен және елге сіңірген еңбегімен танысу. Мұражай ішіндегі жәдігерлер, фотосуреттер мен естеліктер Д. Қонаевтың қарапайымдылығы мен парасаттылығын терең ұғындырды.

Сапар барысында оқушылар Алматының ең көрікті жерлерін де тамашалады. Алғашқы аялдама –  әйгілі Медеу мұз айдыны болды. Таулы аймақта орналасқан бұл спорт кешені табиғатымен, саф ауасымен баурап алды. Одан кейінгі бағыт – Шымбұлақ тау-шаңғы курорты. Төбеден төмен қарай көз салғанда, таудың қарлы шыңдары мен жасыл табиғаты көздің жауын алды.

Экскурсияның тағы бір қызықты бөлігі – Көктөбе тауына көтерілу болды. Биікке шыққан сәт ерекше әсер қалдырды. Алматы қаласының панорамалық көрінісі керемет!.

Оқушылар Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне барып, қазақ бейнелеу өнерінің інжу-маржандарымен танысты. Ұлттық рух пен мәдениетіміздің тереңдігін көрсететін картиналар өнердің шынайы құдіретін сездірді.

Бұл үш күндік саяхат оқушыларға білім мен рухани байлық сыйлады. Мектептің дарынды жастарды қолдауы, олардың білімге деген құштарлығын арттыруда бұл шара керемет мотивация болды.