Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым – 2025»

           «Бүгінгі күн – кешегі күннің жемісі, ертеңгінің  болмысы»,- дейді дана халқымыз. Қай ғасырда болмасын қоғам мен мемлекеттің, ел мен елдіктің басты тетігі білім беру мен тәрбиенің өне бойынан  көрініс тауып келеді. Біз өмір сүріп отырған ғасыр – білектінің емес,  білімдінің дәуірі. Асылында адамды өз ортасынан айшықтап, ажарлап тұратын да осы білім мен тәрбие. Бұл тұжырымыма өткен ғасырдан маңызын  жоғалтпаған алтын тарихтың  әр сиясы дәлел болады. Білім мен тәрбие деген асыл дүниені бойымызға сіңіріп, тұлға етіп қалыптасудағы алғашқы іргетасы отбасы болса, екінші баспалдағы мектеп деп білеміз. Ал сол білім ордасының мерейі яки мәртебесі қандай болмағына тек бір тұлға жауапты емес. Бұл жауапкершілік басшы мен ұстаз және  оқушыдан бөлек ата-аналарға да жүктелген.

          Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта  мектеп-гимназиямыз қаламыздағы  іргетесы кеше қаланғанын жас мектептердің қатарында болса да  тәжірибелі, абыройлы мектептерден оқ бойы озық болып келеді. Жеткен жетістік, еңсерген белестеріне көз жүгіртсек әлден-ақ мықтылармен тетелесе алатынына сену керекпіз. Облысымызда қазіргі кезде өзекті болып отырған үш ауысым, бала санының көптігі, мөлтек ауданның тығыздығы мен әлеуметтік жағдайы мәселелері оңтайлы шешімін таппай-ақ  мектеп-гимназиямыз білім беру мен тәрбие үдерісінің озық үлгісі бола алды.

          Білім саласындағы абыройлы марапат – «Орта білім беретін үздік ұйым – 2025» атағы және қаржылай  12 000 000 теңге гранты биыл да өзінің лайықты иесін тапты. Бұл аталым бойынша марапаттың Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гиназиясына тиесілі екенін жарыса айту бойымызға мақтаныш сезімін ұялатады.  Аталмыш марапатқа үздіктердің үздігі ғана лайық десек, абыройлы жетістікке жету жолы қандай қиын болса, оны ұстап тұру  табандылықты қажет етеді. «Тәлім мен тәрбиенің қасиетті ордасы» – ұрпаққа өнеге дарытатын қасиетті мекеннің атауын үнемі абыройлы тұғырлардан көріп, есімін үлықтап жарыса жазу – үлкен бақыт. Еліміздің білім саласындағы басты құндылық – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Осы жолда талмай еңбек етіп, жетістігімен дараланған ұжым. Бұл марапат білім беру сапасын арттырудағы, оқушыларға заманауи білім мен тәрбиені ұштастыра жеткізудегі, сондай-ақ педагогикалық жаңашылдықты енгізуыдегі үздік тәжірибелерді бағалаудың нақты көрінісі болып отыр.

          Айта кетейік, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия  бұған дейін де биіктен көрінген еді. 2020 жылы дәл осы марапатты иеленіп, 8,5 миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізген болатын. Араға бес жыл салып, қайтадан үздіктер қатарынан табылуы – білім ұжымының табандылығы мен үздіксіз ізденісінің айқын дәлелі.

           Бұл жетістік ұстаздардың қажырлы еңбегінің, оқушылардың білімге деген құштарлығының және ата-аналар қауымының сенімді серіктестігі мен қолдауының жемісі екені сөзсіз. Әрбір жетістік – оқушының талпынысы, ұстаздың біліктілігі және ата-ананың қолдауының нәтижесі. Осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында білім ордасы биікке самғап, мерейін үстем етіп отыр. Тамыры терең тарихы бар, бүгіні нұрлы, ертеңі жарқын мектеп дәстүрін сақтап, заманауи даму жолына қадам басқан оқу орны білім мен ізгіліктің қайнары жас ұрпаққа парасат, білім, адамгершілік дарытатын қасиетті ортада білім игеру мен білім беру әрдайым  мақтаулы.

Білім ордасын кезекті жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа табыстар мен шығармашылық биіктерге жете берейік!