«Көркем сөздің шебері» атты әдеби вернисаж

2025 жылы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл толып отыр. Осыған орай Дінмұхаммед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясының  кітапханасында «Көркем сөздің шебері» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Мақсат – жас ұрпаққа ақынның өмірі мен шығармашылық жолын таныстыру, оның рухани мұрасын насихаттау, оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.

Іс-шара барысында 7 “А” сынып оқушылары ақынның өмірбаяны мен шығармашылық еңбектеріне шолу жасап, арнайы дайындаған мазмұнды баяндамаларын ортаға салды. Оқушылардың сөздерінен Жұбан Молдағалиевтің азаматтық ұстанымы, поэзиядағы ерекше қолтаңбасы, ел тағдырын жырлаған шығармалары туралы мағлұматтар айқын көрініс тапты.

Шараның көркемдік бөлігінде оқушылар ақынның жүрекке жетер жырларын мәнерлеп оқып, көрермендерді тебірентті. Әсіресе, ақынның елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен Отан алдындағы перзенттік борыш туралы өлеңдері оқушылардың жүрегіне жол тауып, тыңдаушылардан үлкен қошеметке ие болды.

Әдеби кеш соңында оқушылар заманауи цифрлық білім платформасы “Wordwall” қосымшасы арқылы танымдық викторина сұрақтарына жауап беріп, ақын туралы білімдерін шыңдады. Интерактивті форматта өткен бұл бөлім оқушылардың қызығушылығын арттырып, олардың есте сақтау, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Сұрақтар Жұбан Молдағалиевтің өмірі, шығармашылығы, поэмалары мен публицистикалық жазбалары төңірегінде құрылып, білімді тереңдете түсті.

Жұбан Молдағалиев – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы. Ол өзінің шығармаларында ел бірлігі, тіл тағдыры, ұлттық болмыс сияқты тақырыптарды батыл көтерді. Әсіресе, «Мен – қазақпын!» атты поэмасы арқылы бүкіл бір ұлттың рухын асқақтатты. Бұл туынды қазақ халқының намысын жанып, еңсесін көтерген, тарихи сана мен ұлттық құндылықтардың жарқын көрінісі болды.

Мектеп оқушыларының ақын туралы тың мәліметтерді білуі, оның шығармаларын жүрекпен сезінуі – Жұбан Молдағалиевтің бүгінгі ұрпақпен үндестігін, оның рухани мұрасының мәңгілік екендігін айқын көрсетті.