«Менің атым Қожа» кітабы бойынша Book Time шарасы өтті

Мектебіміздің кітапханасында қазақ балалар әдебиетінің ең сүйікті туындысы – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіне арналған Book Time шарасы өтті. Шараның мақсаты – оқушыларды кітап оқуға ынталандыру, кейіпкердің мінезі арқылы адамгершілік құндылықтарды түсіндіру, сондай-ақ шығарманы жаңа қырынан таныту болды.

Шараның басында оқушыларға шығарманың мұқабасы мен фильм кадрлары көрсетіліп, көркем атмосфера жасалды. Жүргізуші оқушыларды Қожаның әлеміне шақырып, буктаймның ерекшелігін түсіндірді – бұл тек талқылау емес, бірге ойлану, бірге күлу, кейіпкерді тереңірек танып-білу екенін атап өтті.

Алғашқы бөлімде Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет беріліп, жазушының қазақ балалар әдебиетіндегі ерекше орны айтылды. Сонымен қатар «Менің атым Қожа» фильмі туралы қызықты деректер ұсынылды: оның 1967 жылы Канн фестивалінде жүлдеге ие болғаны оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Шара барысында оқушылар Қожа бейнесін әр қырынан ашуға тырысты. Кітаптың негізгі мазмұны талданып, Қожаның тентектігі мен шыншылдығы, оның өзін-өзі тәрбиелеуге деген талпынысы туралы пікірлер айтылды. Оқушылар шағын сахналық көрініс арқылы Қожаның күлкілі әрі тәрбиелік мәні бар бір оқиғасын сомдап, көрерменнен зор қошемет алды.

Интерактивті бөлімде оқушылар «Қожа болсаң не істер едің?» деген жағдаяттарға жауап беріп, өз ойларын еркін жеткізді. Бұл тапсырма олардың шығармашылық ойлауын дамытып, кейіпкерді өзімен салыстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар үш оқушы шығармадан өздеріне ұнаған үзінділерді оқып, не себепті дәл сол жолдарды таңдағандарын түсіндірді.

Шараның ең қызықты бөлігі – мини-дебат болды. Оқушылар екі топқа бөлініп, «Қожа түзелді ме, жоқ па?» деген сұрақ төңірегінде өз ойларын дәлелдеді. Бір топ Қожаның адалдығын, қателігін мойындай алатынын айтса, екінші топ оның әлі де ойланбай әрекет ететін тұстарын атап өтті. Дауыс беру нәтижесінде оқушылардың көпшілігі Қожаның түбінде жақсы адам болуға ұмтылатын бала екенін қолдады.

Соңында викторина ұйымдастырылып, кітап бойынша сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап берген оқушыларға жұлдызшалар табысталды. Жиын қорытындысында «Қожа бізге не үйретеді?» деген бөлімде оқушылар адалдық, достық, ұстазға құрмет, өзін-өзі тәрбиелеу сияқты құндылықтарды атап өтті.

Book Time шарасы оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, әдеби шығарманың маңызын терең түсінуге жол ашты. «Менің атым Қожа» – әр баланың жүрегіне жақын, өмірге шынайы көзқарас қалыптастыратын шығарма екені тағы бір рет дәлелденді.Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысқан барлық оқушыларға әсерлі эмоция мен жақсы көңіл-күй сыйлады.