Ақтөбе — күн сайын өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып

Ақтөбе — күн сайын өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып келе жатқан республиканың батыс өңіріндегі ірі қала. Мұнда жаңадан бой түзеп жатқан ғимараттар мен көшелер және шағын аудандар жетерлік. Соның ішінде 30 мыңнан астам халқы бар Нұр-Ақтөбе ауданының құрылысы қарқынды дамып, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлерге елдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан халық қоныстанды. Бұл ретте осы мөлтек ауданға салынған мәдени білім ордасы — №60 жалпы білім беретін орта мектеп. Нысанның құрылысын «Электросетьстрой» ЖШС жүргізіп, заманауи үлгідегі мектеп 2016 жылы 29 тамызда пайдалануға берілді. Жаңа мектептің ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, халыққа алғашқы құттықтауын арнады. Міне, сол сәттен бастап үлкен мақсаттарды алға қойған мектеп ұжымымен ұйымдастыру жұмысымды бастадым. 1200 балаға шақталған білім ордасында алғашқы жылы 1492 оқушы қабылданып, 123 мұғалім қызмет етті. Еңсесі биік, керегесі кең, жаңа үлгідегі мектептің мәжіліс залы мен спорт залы, асханасы және пәндік кабинеттері жаңа заман талабына сай жабдықталған. «Нұр Ақтөбе» ауданының ұлғаюына байланысты мектепте оқушылар саны да жыл сайын артып келеді: 2016 — 2017 оқу жылы -1678 оқушы; 2017 — 2018 оқу жылы — 2256 оқушы; 2018- 2019 оқу жылы — 2917 оқушы; 2019 — 2020 оқу жылы — 3575 оқушы ; Қазіргі таңда 3312 оқушы білім алуда. Білім беру ісі — қай заманда да тың реформаларды, жаңаша көзқарасты талап ететін сала . Мектеп – бұл тек білім беру ұйымы ғана емес, сонымен қатар мәдени орталық, онда жеткіншектің қоғамдық өмірі қалыптасады, сонымен бірге оқушылардың бойында тәрбие кеңістігінде өмірге деген құнды көзқарас тұрақталады. Мектеп — мемлекеттің идеясы мен саясатын алға апарушы, білім беру саласының алғашқы баспалдағы. Сондай білім мен тәрбиенің бастауына айналған №60 жалпы білім беретін орта мектептің шаңырақ көтергеніне биыл бес жыл толды. Осы уақыт арасында білім ордасы білім кеңістігінің сан-салалы өзгерістері мен бастамаларына араласып, қарқынды жұмыс жасап келеді. Тындырылған толағай табыстары да тау төбе, тындырары одан да мол. Білім мен ғылымның қасиетті қара шаңырағында қайырымды, кішіпейілдік қасиеті бар, ұлттық санасы қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу үшін мектеп барлық саланы бірге дамытуды өз міндетіне алды. Мектеп кітапханасы — озық ойлы оқырманына жол көрсетіп, кітап пен оқырман арасын жалғайтын алтын көпір болса, ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына, рухани байлық – кітап. Кітапхана қорын байыту мақсатында жыл сайын «Кітапханаға кітап сыйла» қайырымдылық акциясы өткізіліп тұрады. Соның арқасында жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңітетін үлкен кітап қоры жиналды. Мектебімізде осындай шуақты һәм сәулелі ізгі шара жыл сайын өткізіліп тұрады. 2017 жылы 6 қазанда балалардың бос уақытын үйірме-секциялармен тиімді қамтуда “Жеңіс” спорт клубы ашылды. Бұл оқушылардың сабақтан тыс уақытта және кешкі мезгілде спортпен шұғылданулары үшін құрылған волейбол, баскетбол, гимнастика, бокс секциялары еді. 2018 жылдың 20 сәуір күні мектебімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құнды жәдігерлер мен тарихтан сыр шертетін сырлы дүниелермен жабдықталған «Асыл мұра» мұражайы ашылды. Мұражайдың салтанатты ашылуына қалалық ғылыми — әдістемелік орталықтың директоры Мухамбетова Жания Жарылғапқызы мен мектепішілік жалпы ата-аналар комитетінің төрағасы Әлиев Боранбай Әлиұлы қатысты. 2018 жылдың 24 мамыр күні «Бақытты бала – Мәңгілік ел кепілі» жобасы аясында мектеп ауласында «Бақытты бала» атты субұрқағы іске қосылды. Шараның тұсау кесу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қатысты. Субұрқақтың құрылыс жұмыстарына мектеп ұжымындағы ер азаматтар жұмылдырылды және әртүрлі гүлдер ерекше үлгіде отырғызылып, мектеп ауласы абаттандырылды, хош иісті гүлдер мөлтек аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, кешкі мезгілде тамаша демалыс орнына айналды. 2019 жылдың 30 қазанында «Жас дарын» шығармашылық орталығы ашылды. Орталықта «Зияткер» дебат үйірмесі, «Әсем гүлдер» би үйірмесі, «ART VIEW» сурет студиясы, домбыра, «Шахмат әліппесі» үйірмесі және қосымша ақылы білім беру үйірмелері жұмыс жасайды. Орталықтың жалпы аумағы 300 кв.м құрайды, жабдықталуына демеушілік шоттан 1 823 215 теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарының арасында көкірек-көзі ояу, ойлауы терең, санасы биік, еліміздің болашағы — білімді ұрпақ тәрбиелеуде алдыңғы шепте келе жатқан мектептердің бірі №60 жалпы білім беретін орта мектеп екені баршаңызға аян. Ендеше, айлар ауысып, жылдар жылжыған, бес жылдық белесті тарих еншісіне тастаған жас мектептің жемісті де жеңісті жылдарын жылнамалайық: 2017 жылы «Самұрық- Қазына» АҚ компаниялар тобы ұйымдастыруымен Ақтөбе облысының орта білім беру ұйымдары арасында өткен «Биіктерге бірге!» үздік спорттық жоба байқауында 8 млн. сертификатын иеленді; 2018-2019 оқу жылында «Самұрық — Қазына» холдингінің қолдауымен ҚР Шахмат федерациясының «Мектептегі шахмат» атты конкурсында 330 000 мың теңге тұратын шахмат кабинетінің жабдықтарын ұтты; 2018-2019 оқу жылында Қазақстан интернет олимпиада рейтингісінде Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы III орын алғаны үшін «КИО» кубогымен марапатталды; 2019-2020 оқу жылында Қазақстан интернет олимпиада рейтингісінде Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектеп ұжымы II орын алғаны үшін «КИО» кубогымен марапатталды; 2019 жылы Ақтөбе облысы бойынша «Үздік жалпы білім беретін орта мектеп» ІІІ орын; 2019 жылы Ғылым негіздері бойынша облыстық пәндік олимпиадада 4 жеңімпаз; 2019 жылы КҒА облыстық конференцияда 14 жеңімпаз; 2019 жылы КҒА республикалық конференцияда 9 жеңімпаз; 2019 жылы BILIMLAND сайтында «Жаңашыл мұғалім – 2019» конкурсында бастауыш класс мұғалімі Сагиндыкова А.С. ІІІ орын және 500 000 теңге сертификатына ие болды; 2019 жылы «Samruk-Kazyna Trust» компаниясының ұйымдастыруымен өткен Шахмат ойынынан ІІ орын; 2019 жылы Ғылым негіздері бойынша пәндік олимпиада қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінің арасында І орын; 2020 жылы Ғылым негіздері бойынша пәндік олимпиада қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының жалпы білім беретін орта мектептерінің арасында ІІ орын; 2020 жылы КҒА облыстық конференцияда 24 жеңімпаз; 2020 жылы Республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты және 8 500 000 теңге сертификаты; 2020 жылы Қазақстандық интернет олимпиадасынан ІІ орын; 2020 жылы информатика пәнінің мұғалімі Әбен Талғат облыс көлемінде «Үздік педагог-2020» иегері және 833 400 теңге көлемінде сыйақы иеленді; 2020 жылы музыка пәні мұғалімі Мұхамедиева Д.О. облыс әкімінің марапаты мен 100 000 теңге сыйақы иеленді; 2020 жылы мектеп «IQ OLIMPIADA — 2020» ІІ Республикалық пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсеткені үшін алғыс хатпен және кубокпен марапатталды. 2021 жылы информатика пәнінің мұғалімі Әбен Талғат республикалық «Үздік педагог-2021» атағының иегері; 2021 жылы қала бойынша жалпы білім беретін орта мектептер арасында жыл бойы оқу-тәрбие процесін үздік ұйымдастыру мониторингісі бойынша мектебіміз 1-орын иеленді; 2021 жылы «Ең таза мектеп ауласы» номинациясы бойынша Ақтөбе қаласы әкімдігінің Алғыс хаты; «Тек ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», -дейді педагог әрі балалар жазушысы В.А.Сухомлинский. Иә, бүгінгі таңда еліміздің білім саласының көптеген реформаларына халық енді үйреніп, заманауи ағымға ілесе бастаған-ды. Осы орайда, ата-аналармен бірлесе жұмыстануда әр мекеме өзіндік ерекшеліктеріне сүйенеді. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты жандандыру барысында біздің мектебімізде де ауқымды шаралар жүргізіледі. 2020 жылдың 14 желтоқсан күні «№60 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-сінде «2019-2020 оқу жылының ең үздік ата-ана комитеті» байқау-марафонын қорытындылау салтанаты өтті. Атап айту керек, мұндай форматтағы байқау-марафон қала және облыс деңгейінде әлі ұйымдастырылмаған жаңа бастама болды. Аталған байқау-марафонға 2019-2020 оқу жылында 1-11 класс арасындағы 134 класс комплектінің ішінен 65 класс ата-аналар комитетінің төрағасы мен төрайымы өтініш білдіріп, өз ерік-қалауларымен қатысты. Мектептің қоғамдық-мәдени тыныс-тіршілігіне белсене араласатын ата-аналар комитеттерінің белсенділігі мен жұмысын ынталандыру және шығармашылық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқау-марафон 2019 жылдың қазан айында басталып, 2020 жылы наурызда пандемияның басталуына орай тоқтатылды. Әр айға 6 іс-шарамен өткізіліп отырды. Байқау-марафон аясында ата-аналар Нұр Ақтөбе мөлтек ауданы үйлерінің аулаларына сенбілік жасап, педагог мәртебесін көтеру, ұстаз еңбегін бағалау мақсатында тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс шараларды өткізсе, Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күніне орай Нұр Ақтөбе тұрғындарына марафонға қатысушы ата-аналар керемет концерт қойып, ерекше көңіл сыйлады. Ал қыс мезгілінде мектеп ауласына қардан ерекше мүсіндер жасап, қысқы баққа айналдырды. Халықаралық әйелдер мерекесі күні қарсаңында әртүрлі мәдени орындарға барып, әйел-аналар мен қыз-келіншектерді құттықтап, мерекелік концерт қойса, Ұлыстың Ұлы күнінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, өнерлерін ортаға салды. Мұражайға жәдігер тапсырған ата-аналарымыздың белсенділігі барша қала мектептерінің ата-аналарына керемет үлгі болды. Байқау барысында ата-аналар байқаудың әр кезеңіне ұйымшылдықпен, заманауи әрі креативті оймен және үлкен еңбекпен атсалысқаны байқалды.Байқау-марафонның жалпы жүлде қоры 5 млн.-ға жуық теңге құрады. Арнайы құрылған комиссия алқасы 1-4кластар мен 5-11кластарды тәуелсіз бағалай отырып, ең үздіктерді анықтады. Бас жүлде — интербелсенді тақта (2) I орын (1 жүлделі орын) — интербелсенді тақта (2) II орын (2 жүлделі орын) – видеопроектор жинақпен (4) III орын (3 жүлделі орын) — LED теледидар (6) ІҮ орын (2 жүлделі орын) – көпфункционалды принтер (4) 2 номинация: «Ең креативті ата-ана комитеті — 2020», «Ең еңбекқор ата-ана комитеті — 2020» — кулер (4) Барлығы: 18 жүлделі орын, 4 номинация. Аталмыш жүлде қоры ата-аналардың өз балалары оқитын класс кабинеттеріне пайдалануға берілді. Егемен еліміздің болашағы, оның әлемдік өркениеттегі орны, ең алдымен, білім мен тәрбиенің бастауы – ұстаз қолында. Сондықтан да мектебіміздің ұстаздары шәкірттерін әлі де білім нәрімен сусындатып, мектебіміздің мәртебесі мен еліміздің абыройын асқақтатуға өз үлестерін қоса бермек. Осы уақыт аралығында ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп, мектебіміздің қала, облыс деңгейіне танылуына бірден-бір себепкер — бірлігі жарасқан үлкен педагогикалық ұжымның тынымсыз еңбегі. Мұғалімнің алдында елдің болашағы тұр. Ата-ана, жалпы қоғам осылай түсінуі керек. Мұғалімге құрметпен қарау деген осыдан шығады. «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген Мәлік Ғабдуллиннің ғибратты сөзін ұстаздар үнемі есіне сақтау керек. Расында да, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Ұжымдағы жас буын үшін ұлағатты ұстаздың тәрбие мектебі барлығынан жоғары, өнегесі барлығынан биік. «Жақсының тамыры тереңде, оны ешкім шаба алмас, көлеңкесі көктен, нұрын шашар еліне» — деп текке айтылмаса керек. Білім ордасының бірлігі жарасқан ұжымы ел болашағын тәрбиелеуде тынымсыз күндер мен түндерді артқа тастап, абырой биігінде келеді. Батыс өңірі бойынша ең үлкен мектеп саналатын оқу ордасы алдағы уақытта да осы қарқынынан таймай өз жұмысын жалғастырады деген сенімдемін. Мойнымызда міндет, алдымызда үлкен мақсаттар бар, сондықтан Сіздер мен Біздердің әлсіз болатын орнымыз жоқ. Әрдайым деніміз сау болып, елге қызмет етіп, шәкірттерімізді білім нәрімен сусындатып, толағай табыстарға бірге жетейік! Құрметпен, Ақтөбе қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектеп директоры Тажимишев Абзал Амантайұлы