«Өлмейтұғын артына із қалдырған»
Мектеп кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай
«Өлмейтұғын артына із қалдырған» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Аталмыш шараның басты мақсаты – оқушыларға Абай мұрасын кеңінен насихаттау, оның шығармалары арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, білімге, еңбекқорлық пен ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Кітап көрмесі барысында кітапханашы оқушыларды ақынның өмір жолымен, шығармашылық мұрасымен, өлеңдері мен қара сөздеріндегі негізгі идеялармен таныстырды. Абай шығармаларындағы білімге ұмтылу, адам болу, әділдік, ар-ождан мәселелері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағаны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, ақынның қазақ әдебиеті мен ұлттық мәдениеттің дамуына қосқан зор үлесі туралы мазмұнды мәліметтер берілді.
Көрмеге 5–9 сынып оқушылары белсене қатысып, Абайдың өлеңдерін жатқа оқыды, қара сөздеріне талдау жасап, оның терең философиялық ойларына қатысты өз көзқарастарын ортаға салды. Оқушылардың шығармашылық белсенділігі мен әдеби талдауға деген қызығушылығы шараның жоғары деңгейде өткенін көрсетті.
Шара барысында оқушылар Абай шығармалары арқылы рухани байып, ұлттық әдебиеттің маңызын терең түсінді. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың дүниетанымын кеңейтуге, тұлғалық дамуына оң ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Абай Құнанбаевтың бай әдеби мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы, ал оның өсиеттері мен тағылымды ойлары жас ұрпақ үшін өмірлік бағдар болып қала береді.
Абай мұрасы – ұрпаққа бағыт берер мәңгілік шамшырақ.

Русский
Қазақша