Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында қоғам мен өмірге деген ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Осыған орай, мектеп оқушыларына қоғамдағы кереғар жағдайлардан сақтану, мектептің және қоғамдық талап-тәртіптерді орындау мәселелері шеңберінде Алматы аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Кирбасова Земфира мен мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жыл сайын жаз маусымы басталып, оқушылар демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді. Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған. Жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы мінез-құлықтың алдын алудың неғұрлым тиімді шарасы — девиантты мінез-құлқымен ерекшеленетін кәмелетке толмағандарды, әсіресе, қоғамға қарсы бағдарланған жасөспірімдер топтарының лидерлерін дер кезінде анықтауға және олардың айналадағы адамдарға теріс ықпал жасауына жол бермеу болып табылады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, жеке тұлға болып қалыптасуда әрбір жасөспірім тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытын тиімді пайдалана білсе, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуына септігін тигізері сөзсіз.
ТӘРБИЕ БӨЛІМІ