Мақсаты: ризашылық, рахмет, алғыс туралы түсінік беру.Үлкен — кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым — қатынасын дамыту. Әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу.
9-11 кластар арасында » Шын жүректен мың алғыс!» тренинг сабағы өткізілді.
Тренингтің мақсаты: Алғыс айту, сыйластық, құрмет, адамгершілік құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту. Үлкендер мен кішілер арасындағы сыйластықты түсіндіру. Сыйластықты қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту. Үлкендерді сыйлауға, кішілерге қамқор болуға тәрбиелеу.
Кіріспе: Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай — ақ оның ойы мен іс — әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. Алғыс айту күні –Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Алғыс — біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, рахмет айтуы. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады. Әркім Алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады. Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп Алғыс алған адам бақытты болады. “Алғыспен ер көгерер” деген мәтел соған мегзейді.
Рақметке лайықты кімдер? Тізімді бірге құрайық! Бастысы – алғыс айта білу…
Анаға – өмір сыйлағаны үшін,
Әкеге – қорған болғаны үшін,
Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін,
Сөзге – жанды жылытатыны үшін,
Күнге – шуағы мен назары үшін,
Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін,
Досқа – құшағы мен иығы үшін,
Әжеге – ыстық алақаны үшін,
Суға – тіршілік көзі болғаны үшін,
Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін,
Отқа – жылулығы үшін..
Топтық жұмыс
1- топ: «Жақсылық жасаудың біз үшін қандай пайдасы бар?»
2- топ: «Біз неліктен басқаларға жақсылық жасауымыз қажет?»
Тақырыптарда постер қорғау.
«Автограф» ойыны
Әр оқушыға артына қағаз бекітіледі. Осы қағазға басқа оқушылар тілектерін жазуы қажет.
Қорытынды.
— Балалар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ешкімнен ешқашан аямаңыздар. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Адам алғыс пен ризашылықты естіген сайын, жақсылық жасағысы келіп тұратынын есте сақтаңдар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңдер және Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.