Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызметтер атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімділік, тәрбиелік, дамытушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.Баланың барлық психологиялық ерекшеліктері осы ойын әсерінде қалыптасады. Ойын баланың түрлі қасиеттерін дамытады да баланың қабілеті, белсенділігі артады.
Балалардың ойлауын, қиялын, сөйлеуін дамыту үшін түрлі ойналатын ойындардың да үлкен дидактикалық мәні бар. Бір ойын түрі ойлауы мен қабылдауын жетілдірсе, ал екіншісі ойлау қабілетін, үшіншісі есте сақтау қабілетін жетілдіреді. Ойында балалардың физикалық, психологиялық қасиеттерінің сапалары да өзгеріп отырады. Ойын баланың сабаққа ынтасын аудартуға, көңіл қойғызуға, сондай-ақ қабылдауын жеңілдетіп білімді толық игеруге көмектеседі.
Психологиялық қызмет жұмыстарын қарапайым жолмен баланың қалауына орай жеке басының, танымдық үрдістерінің жетіле беруіне, көңіл-күйінің толғаныстарына сүйеніп жүргізгенде ғана іс жүзеге аспақ. Әрбір ойын, жаттығуларды жүргізе білу, балалардың түйсігіне жеткізе, түсіндіре білу педагогтың шығармашылығына байланысты. Балалық шақтың ең әуес нәрсесі – ойын. С.Торайғыров: «Ойын балалар үшін тамақтан да қымбат»- дегендей балалардың қызығушылығын, ой-өрісін кеңейту, белсенділігін арттыру үшін танымдық ойындар, дамыту жаттығуларын жүргізудің маңызы зор. Сондай-ақ, баланың психикалық дамуына, яғни не нәрсені болмасын зейін қойып, жақсы түсініп, есте сақтай алуына, тілінің дамуына жағдай туғызады.
Ойын – жаттығулар арқылы баланың білім-білік дағдыларын күнделікті оқыту-тәрбиелеу іс-әрекетерінде қолдана білу мүмкіндіктері қарастырылып, ойнай отырып ойлануға бағыт беріледі. Ойында бір затты басқа бір затпен алмастыратын қабілеті пайда болады, заттармен ойнауда бала өзінің шартты кеңістікте ойлаған ойына сүйенуге үйренеді. Жаңа нұсқалы бейне жасап және олармен іштей әрекет ету және қиялдау мектеп жасына дейінгі баланың психологиялық дамуындағы жаңа бір басты құрылымы. Балалардың танымдық қызығуын неғұрлым ертерек дамытса, соғұрлым олардың болашақтағы оқу әрекеті жемісті болмақ.
Зейінді тұрақтандыруға арналған ойындар
Орындықтарды ортаға қойып, музыка әуені басталғанда балалар шеңбермен айналып жүгіреді. Орындықтар саны балалар санынан 1 санға кем болу керек. Ең соңында қалған бала орындықтың үстіне жығып, мен женіпазбын деп айту керек.
Балалар шеңбермен тұрады.
Жургізуші: құлақ – деп қолымен мұрынды ұстайды, ал мұрын – деп құлақты ұстайды. Ал балалар құлақ –дегенде құлақты, мұрын – дегенде мұрынды көрсету керек.
Жургізуші: балалардың зейіні мен қабылдауын тексеру мақсатымен оларды шатастырып айтады.
Балалар қатармен тұрады. Әр баланың қолында әр түрлі сандар. Жүргізуші белгі берген уақытта балалар сандардың реті бойынша тұруға тиісті.Ойын бірнеше рет қайталанады. Балалардың орын алмастырып алмауы қадағаланады.
Балалар щеңбермен жүреді. Жүргізуші бір сөз айтады, ал балалар сол сөзді іс – қимылмен көрсетеді. Мысалы: қоян – секіреді, ат – шабады, құс – ұшады, ләйлек – бір аяғымен тұрады.
Балалар шеңберге тұрады. Жүргізуші ойынның ережесін түсіндіреді. Мен сіздерге әр – түрлі қимыл қозғалыстарды көрсетіп тұрамын. Сендер оны қайталап тұруға тиістісіңдер. Бірақ, мен ескерткен қозғалысты, мысалы: «қосаяқтап секіру» қозғалысын қайталауға болмайды. Кім қайталаса сол ойыннан шығады. Жүргізуші әр түрлі қозғалыстарды көрсетіп, қайталамайтын қозғалысты бірнеше рет көрсетеді. Қай бала шатасса ойыннан шығады. Ойынның жеңімпазы жүргізуші болады. Сол бала қайталанбайтын қозғалысты өзі шығарады.
Жүргізуші «су» — десе қолдарын алдана созады, «ауа» десе жоғары көтереді, «от» дегенде екі қолын айналдырады, «жер» дегенде қолдарын түсіреді.
Балаға ойын ережесі түсіндіріледі.
Егер «су» сөзі айтылса қолдарын алға созу.
Егер де «ауа» дегенде қолдарын жоғары көтеру.
Егер де «от» дегенде екі қолын айналдыру.
Егер «жер» дегенде қолдарын төмен түсіру.
Балалар шеңбер жасап отырады. Бір-біріне мұқият қарайды. Психолог белгі бергенде балалар көздерін жұмады. Сол кезде психолог отырған балаларға әртүрлі заттарды қыстырып қояды (гүл, орамал, көзілдірік т.б). Балалар көздерін ашқанда не өзгерді? – деп сұрайды.
Балалар шеңберге тұрады. Әр бала өзінің жанындағы баланы есіңде сақтап, қарап алуы керек. Психологтың бірінші белгісі бойынша, бөлменің жан-жағына тарап кетеді. Екінші белгі бойынша шеңберге бастапқыда қай орында, кімнің қасында тұрғанын есіңде сақтап, қайта шеңбер түзеді. Өз орнын таппаған бала ойыннан шығады.
Мұғалім-логопедтер: Байтохина Ж.Т.
Ойлыбаева А.Қ.