"Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная средняя школа-гимназия имени Динмухамеда Конаева" государственного учреждения Отдел образования города Актобе

«№60 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-нің қамқоршылық кеңес отырысының №5 отырысының хаттамасы

ХАТТАМА КӨШІРМЕСІ

«№60 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-нің қамқоршылық кеңес отырысының №5 отырысының хаттамасы

(2021-2022 оқу жылы)

«05» наурыз 2022 жыл

Қатысуға тиіс: қамқоршылық кеңес мүшесі-13

Қатысқандары: кеңес мүшесі-9

Қосымша қатысқандар: мектеп әкімшілігі мүшелері

Күн тәртібінде:

Күн тәртібінде қаралатын мәселелерУақытСөйлеуші
1.Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жүргізілетін жұмыс туралы  5-10 минутДиректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.М.Мұқамбетәзиев
2.Мектеп асханасы мен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру мониторингі  5-10 минутДиректордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.К.Давлетова
3.22 Наурыз мерекесіне дайындық жұмысы туралы  5-10 минутДиректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.М.Мұқамбетәзиев
4.Ұсыныстар бойынша әртүрлі мәселелерді қарау5 минутҚамқоршылық кеңес мүшелері

Тыңдалды:

Қамқоршылық кеңес төрағасы Б.Әлиұлы қамқоршылық кеңестің алғысөзін алып, отырысқа қатысып отырғандарды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, дауысқа салып бекітті. Қарсы және қалыс қалғандар болған жоқ.

1.Тыңдалды: Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жүргізілетін жұмыс туралы» баяндаманы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.М.Мұқамбетәзиев баяндады.

Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі-балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.

Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр, себебі өмірлік қиын жағдайға душар болған жасөспірімдердің саны азаяр емес. Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады.

             Құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында оқу жылының басынан бері біздің №60 жалпы білім беретін орта мектебінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсем. Оқу жылының басында құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген болатын. Жоспарға сәйкес бекітілген іс-шаралар өткізіліп жатыр.  Оқушылар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу мақсатында мектепте

—   «Құқықтық кеңес» жұмысы;

—   «Онлайн құқық мектебі» жобасы;

—  Мектеп жанынан ер мұғалімдерден құралған «Тәртіп сақшылары» жасағы жұмысы;

—   Мектепішілік есепте тұрған оқушылармен жүргізілетін жұмыс;

—  «Құқық және тәртіп» фракциясы;

— «Саналы әке» мектебі клубы құқықтық тәрбие мен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде жұмыс жасайды.

            Құқық Кеңесі құқық бұзушылықтың алдын-алу үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ата-аналардың (заңды тұлғалардың), қоғамдық ұйымдардың қызметін біріктіреді.

Құқық бұзушылықтың алдын-алу Кеңесі өз жұмысын Қазақстан Республикасы заңнамалары негізінде іске асырады. Құқықтық  Кеңесі айына 1 рет шақырылады. (шұғыл жағдайлардан басқа).  Құқықтық кеңесте тәртіп бұзған оқушылардың іс-әрекеттері қаралады. Отырысқа кеңестің құрамы және оқушының заңды өкілі яғни ата-анасының қатысуы қадағаланады. Құқықтық кеңестің шешімімен мектепішілік есепке алынған оқушыға арнайы бақылау картотекасы дайындалып, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Экранға мектепішілік есепке алынған оқушының бақылау картотекасын ұсынып отырмыз.

Мысалы А есімді оқушы электронды темекі қолданғаны үшін мектепішілік есепке алынды. Алынған күннен бастап сол оқушыға бақылау картотекасы ашылады. Алдымен оқушы жайлы жеке мәліметтер көрсетіледі.

Реттілік бойынша ай сайынғы   пән мұғалімдерінің  сол оқушының сабақтағы қатысымын, үлгерімін, тәртібі жайлы мәліметтері жазылады, яғни біз бұл жерде сол оқушының күнделікті мектептегі уақытын қалай өткізетіндігі жайлы біліп отырамыз.

Одан кейін класс жетекшісінің  оқушының сабақтан тыс уақыттағы тіршілігін, яғни қоғамдық жұмыстарға араласуы, үйірмелер, түрлі спорттық секцияларға қатысуын қадағалап, картотекаға түсіріп отырады.

Келесі кестеге класс жетекшісінің сол оқушының ата-анасымен жүргізілген жұмыстары жайлы ақпарат кетеді. Осы жерде кл жетекшісі ата-анамен етене жақын байланыста болып, баласының күнделікті іс-әрекеттеріндегі өзгерістерін баяндауы тиіс.

Содан кейін оқушымен психолог маманның профилактикалық әңгімелесу парағы толтырылады. Яғни, мектеп психологі сол оқушыға арнап жүргізілген сауалнамалары, тренингтері, кеңес беруі жазбаша түсіріледі.  

Міне, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай есепке алынған оқушыны осы бақылау картотекасы арқылы қадағалап, оқушымен жүргізілген жұмыстың нәтижесін көретін боламыз.

            6 айдың ішінде тәртібі және оқу үлгерімі, сабаққа қатысымы, мектептің қоғамдық өміріне араласуы, оң нәтижелі өзгеріс берген жағдайда мектепішілік есептен шығарылады.

Және де мектебімізде онлайн құқық мектебі және  «Құқық және тәртіп»  жобасы жұмыс жасап жатыр. Жасөспірімдер әлеуметтік желімен тығыз байланыста болғандықтан, мектебіміздің ютуб каналы арқылы оқушыларға ой саларлық видео түсірілімдер шығарылады.  

Бұл жобаның мақсаты: оқушыларға қылмыс ұғымын және түрлерін, қылмыс жасаған жағдайда жасөспірімдерге берілетін жазалар туралы, құқықтың барлық салаларын құрметтей отырып, заң алдында барлық азаматтардың теңдігі, ешкімнің ар-намысына тимеуге және балағаттауға, бөтеннің мүлкіне қол сұқпауға, сонымен бірге оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алуға, құқық бұзғаны үшін кінәлі азаматтардың заң бойынша жауапқа тартылатындығы туралы түсіндіру.

Сонымен қатар, мектебімізде ер мұғалімдерден «Тәртіп сақшылары» жасағы құрылып, кәмелетке толмаған балалар арасындағы қараусыздықты және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін бірыңғай шешу, олардың құқықтары мен заңды қызығушылығын заңды түрде қорғау мақсатында жұмыс жасайды.

Тәртіп сақшылары жасағының құрамы арнайы мектеп басшысының бұйрығымен тағайындалып, жұмыс жоспары бекітіледі.

Тәртіп сақшылары жасағының негізгі міндеттері:

—           Қиын өмірлік жағдайларда қалған балаларды анықтау, оларға әртүрлі көмек беру.

—           Құқық бұзушы жасөспірімдерді, жағымсыз бағыттағы кәмелетке толмаған топтарды анықтау, олардың құқық бұзушылық тәртібінің алдын-алу үшін түнгі рейд ұйымдастыру.

—           Құқықбұзушы және ішімдік, нашақорлық, уландыратын заттарды пайдаланушы кәмелетке толмаған балаларды анықтау.

—           Кәмелетке толмаған балалардың адамгершілікке жат қылықпен өмір сүретін отбасылары мен ата-аналарын анықтау. Анықталған фактілер негізінде (заңға сәйкес) олармен шаралар жүргізу.

            Осылайша тәртіп сақшылары жасағы тек қана түнгі рейдпен ғана шектелмей, күнделікті сабақ уақытында да оқушылармен түрлі жұмыстар жүргізеді. Яғни, түрлі мектепішілік жиындар, дөңгелек үстелдер және де оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында түрлі жобалар өткізіледі.

            Қорытындылай келе, біз осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде мектебіміздегі оқушыларымыздың жақсы тұлға болып қалыптасуына аз да болса септігімізді тигіземіз деген сеніміміз мол.

Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар. Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің  бүтіндігін, халқымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан жақты сезіну керек.

2.Тыңдалды: Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Мектеп асханасы мен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру мониторингі» туралы баяндаманы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.К.Давлетова сөйледі.

Оқушыларды ыстық тамақпен қамтуда басшылыққа алынатын нормативтік – құқықтық  құжаттар:

-64  қаулы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22  ақпандағы №64 қаулы;

-№158 бұйрық – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығы;

-№76 бұйрық –  ҚР. Денсаулық сақтау министрінің 2021  жылғы  5  тамыздағы № 76  бұйрық;

-№ 598 бұйрық – ҚР.Білім және ғылым министрлігінің 2018  жылғы  31  қазандағы №598 бұйрығы;

1 тоқсан – 693 оқушы

Ата – анасының қамқорлығынсыз қалған – 8 оқушы

АСП – 130 оқушы

Аз қамтылған – 555 оқушы

2 тоқсан – 684 оқушы

Ата – анасының қамқорлығынсыз қалған – 7 оқушы

АСП – 127 оқушы

Аз қамтылған – 550 оқушы

3 тоқсан – 711 оқушы

Ата – анасының қамқорлығынсыз қалған – 7 оқушы

АСП – 139 оқушы

Аз қамтылған – 565 оқушы

Сөйледі: Қамқоршылық кеңестің төрағасы Әлиұлы Боранбай мырза сөйледі. Оқушылардан тамақ сапасы туралы анонимді сауалнама жүргіздіңіз бе? Оқушыларға беріліп жатқан меню ұнайды ма?

Сөйледі: Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Н.К.Давлетова. Екінші жарты жылдықта ондай сауалнама оқушылардан алынды, оқушылардың  95%-ы мектеп асханасының тамағы ұнайды деп жазған, 5%-ы орташа деп жауап жазған. Бұл оқушылар балықты жимейміз, сүт, кисель ішпейміз деп жазған.  

3.Тыңдалды: Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «22 Наурыз мерекесіне дайындық жұмысы туралы» туралы баяндаманы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.М.Мұқамбетәзиев баяндады.

Санаулы күндерден кейін, мектебіміз еліміздің басты мерекелерінің бірі — Наурыз мейрамын тойлағалы отыр. Мектебіміздің ұлттық мерекеге дайындығы жоғары. Мерекелік шара 21 наурызда мектеп ауласында тойланғалы отыр. Мектеп ауласында 16 қанатты киіз үйлер тігіледі. Іші қазақы нақышта безендіріледі. Бұған қосымша шатыршалар да орнатылады. Онда басқа мектептер арасында шебер кластар мен ұлттық жәдігерлердің  көрмесі ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар мектеп ауласына қазан-ошақ құрылып, ұлттық тағамымыз-наурыз көже мен бауырсақ дайындалатын болады. Нұр — Ақтөбе халқына наурыз көже мен бауырсақ тегін таратылатын болады. Мектеп ауласында қазір қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Мектебіміздің алдыңғы есігіне сахна алаңын жоспарлап отырмыз. Мектебіміздің өнерлі мұғалімдері аудан тұрғындарына мерекелік көңіл — күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарламаға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Және де қазақ халқының ұлттық ойындары ойнатылады: қол күрес, арқан тартыс т.с.с. Бұл ойындарға кез – келген қала тұрғындары қатыса алады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілетін болады.

ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ШЕШІМІ

1.Құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жүргізілетін жұмысы қанағаттанарлық деп танылсын.

2.Мектеп асханасы жұмысының сапасы қанағаттанарлық деп танылсын.

3.22 Наурыз мерекесіне дайындық жұмысы қанағаттанарлық деп танылсын.

Қамқоршылық кеңес төрағасы    Б.Әлиұлы       қол қойды

Хатшы                                          Ж.Черниязова     қол қойды

Қамқоршылық кеңес мүшелері

Аманғалиев Нұрлан Ерсайынович    қол қойды

Сарсен Есенгелді Шарипович     қол қойды

Нурмаганбетов Кенжебек Скакович    қол қойды

Утепова Ельвера Хамитовна    қол қойды

Жанбусинова Гульнара Абдисаметовна    қол қойды

Абдрахманова Жанна Әділханқызы   қол қойды

Таубекова Гульмира Сағидоллақызы    қол қойды

Қалмұратов Нұрбек Табынбайұлы    қол қойды

Хаттама көшірмесін растаймын

Мектеп директоры                       А.А.Тажимишев