Бүгін мектебімізде жастарға, жас класс жетекшілерге арналған «Класс жетекші — тәрбие жұмысының негізгі ұйытқысы» тақырыбындағы ерекше семинар — практикум өтті. Семинар практикумда әр түрлі тақырыпта кеңестер беріліп, тәжірибелі педагогтар мен өткен оқу жылының мониторинг көрсеткіші бойынша үздік деп танылған жетекшілер тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді, әдістемелік көмек көрсетті. Семинар практикумды ұйымдастырушылар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар — И.С.Мураталиева мен А.М.Мұқамбетәзиев болды. Семинарға қатысушы жас мамандар ризашылықтарын білдіріп, ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Тәрбие саласын игеріп, оны мінсіз пайдалануда қандай тәжірибе таратса да артық етпейді. Жастардың нәтижелі жұмыс атқарып, тәжірибе жинақтауына септігін тигізер семинар-практикум өз жалғасын тауып, тоқсан сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Мұндай әдістемелік көмектер әр жастың шығармашылығын оятып, біліктілігін арттыруына бірден бір көмекші құрал болады деп білеміз.
Практикум соңында мектебіміз кеше ғана атағын алған ұлтының ұлы Д.Қонаевтың қанатты сөздері жазылған естелік конверттер таратылды. Жастарға, жас класс жетекшілерге жауапкершілігінен еш қымсынбай, үлкен ұқыптылықты талап ететін — класс жетекшілік қызметті қабылдағаны үшін АЛҒЫС айтып, шығармашылық пен сәттілік, қызметтік өрлеу тілейміз!