Пәндік олимпиада – оқушыға ғылымның алғашқы ізденісін қалыптастыратын ең үлкен бәсеке. Жыл сайын жоғары класс оқушылары арасында ғылым негіздерін құрайтын, мектепте оқытылатын пәндер бойынша өтетін олимпиаданың мектепішілік, қалалық, облыстық және республикалық кезеңдері ұйымдастырылады. Жылдағы дәстүр бойынша 2022 жылдың 16-17 қараша күндері «Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектепте» 9-11 класс оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңі өтті. Дарынды оқушылар олимпиаданың бірінші күні қоғамдық-гуманитарлық пәндер (қазақ тілі және әдебиеті, орыс тілі және әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, құқық негіздері), келесі күні жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер (математика, физика, информатика, химия, биология, география) бойынша өз білімдерін сынады. «Ақтөбе қаласы білім бөлімі» ММ «Әдістемелік кабинет» КММ дайындаған олимпиадалық тапсырмалар олимпиада күні мектеп поштасына жіберілді. Тәжірибелі мұғалімдерден құрылған комиссия мүшелері олимпиаданың уақытылы, сапалы өтуін бақылап, оқушылардың олимпиадалық жұмыстарын зерделеуге атсалысты.