"Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная средняя школа-гимназия имени Динмухамеда Конаева" государственного учреждения Отдел образования города Актобе

Бала тілі неге кеш шығады? Логопедтің ата-аналарға кеңестері.

Бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, екі жастағы бала 300-дей сөзді анық айтып,

 ал үш жастан асқасын еркін сөйлесе алатын жағдайда болуы қажет.

Қазіргі қоғамда тілі мүкіс не уақытынан кеш шыққан балалар саны көп. Кекеш, жасы екі-үштен асса да, анық дыбыстай алмайтын, физиологиялық және психологиялық ауытқулары бар балалардың көбейуі ата-аналармен қатар дәрігерлерді де қатты алаңдатып отыр.  

  Балалар тілінің кеш шығуының басты себептері:

* Жүктілік кезінде ана көңіл-күйінің дұрыс болмауы,күйзелісте болуы;

* Тұқым қуалаушылық фактор;

* Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы;

* Дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі;

* Ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуі;

* Баламен сөйлеспеу ( ата-ананың баламен әңгімелеспеуінен,қарым-қатынастан оқшаулауынан баланың тұйықталуы);

* Қатты қорқып қалудан болған тұтығу;

* Өзге аурулардың,қолданған дәрі-дәрмектердің әсері;

Логопедтің кеңестері

Сәбиге бесік жырын айтыңыз, үлкейген соң, көп әңгімелесіңіз. Бұл баланың есту қабілетін, түйсігін дамытады. Бесік жырын айтқан кезде бала естіген дыбысына еліктеп, соны қайталайды. Бесік жырларының басты ерекшелігі – онда жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң-үнді дыбыстардың барлық түрі қамтылған. Тиісінше, әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Бұл баланың кейін кей дыбыс түрлерін дұрыс айта алмауының алдын алады. Сондай-ақ, баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады. 

Баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін.

Баланы жастан асқанша ана омырауын емуден шектемеу қажет. Ана сүтін емген бала тез қуаттанады және ана омырауын сору кезінде баланың ауыз қуысындағы бұлшықеттер тез әрі жақсы дамиды. Ал бала емізіп отырып анасы бесік жырын айтса, тіпті пайдасы зор. Өйткені бұл уақытта бала мейірімге бөленіп, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, ақпаратты тез қабылдайды.

Баланы ұрып-соғудан мүлдем аулақ болу керек.  Бұл психикалық ауытқуларға әкеледі. Ал психикалық ақауы бар балалардың әдетте тұйықталып, сөйлеу дағдысы бұзылатыны белгілі.

Балаларға сүйек немесе құрт мүжітуді әдетке айналдыру керек. Анасының омырауын ему кезінде әбден жаттыққан балалардың ауыз қуысындағы бұлшықеттері қалыпты тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін аздап әлсірейді. Ал бұлшықеттің жақсы жетілуі сөйлеуге тікелей әсер ететіндіктен, оны жаттықтырып тұру қажет. Бұл ретте сүйек мүжу не құрт жеу, тіске зиян келтірмейтін өзге де кепкен жеміс-жидектерді жеу, қатты тамақ өнімдерін шайнау өте пайдалы.       

Баласының бойынан кемшілік байқаған ата-ана не істеуі қажет?

Сәби дүниеге келгеннен кейін ата-ана оның бойындағы әрбір өзгерісті мұқият қадағалап, дәрігерлерден үнемі кеңес алып тұру керек. Егер қандай да бір қалыпты емес өзгеріс байқала қалса, толық тексерткен жөн. Жергілікті денсаулық сақтау орындарында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысын шығарып, емделуге жолдама беретін мекемелер бар. Онда арнайы педагогтер (логопед, дефектолог, педагог-психолог және әлеуметтік педагог) мен медициналық мамандардан (педиатр, невропатолог, психиатр және өзге медициналық қызметкерлер) құралған кеңес қызмет көрсетеді.

Баланың:

  • Ешқандай дыбыс шығармауына;
  • Еліктеу дыбыстарының шығаруы;
  • Дыбыстау жолдарының толық жетілмеуіне не әлсіз болуына;
  • Кекештенуіне
  • Белгілі бір дыбыстарды айта алмауына;
  • Бойында басқа кемістіктердің болуына қарай,оны осы үш топтың біріне жатқызып,тиісті дәрігерлердің емдеуі міндеттеледі;

Емдеу шаралары

  • Қосымша кемістіктер анықталады. Мәселен, балада физиологиялық, психологиялық кемістік түріндегі қосымша аурулар болуы мүмкін.
  • Емдеу жоспары. Әр бала үшін жеке оңалту жоспары жасалады. Себебі, балалардың ауру белгілері бірдей болғанымен, олардың табиғаты, жасы, мінез-құлқы, қосымша кемістіктері әртүрлі болуы мүмкін.
  • Емдеу уақыты және мерзімі. Әр бала аптасына кемі 3 рет, әр ретте 2 сағат мөлшерінде ем қабылдайды. Әр маман баланы оның жағдайына қарай 25-45 минут аралығында қабылдайды. Бұл баланың жағдайының ауыр-жеңілдігіне қарай 90 күннен басталып, 365 күнге дейін созылуы мүмкін.
  • Емдеу тәсілдері. Емдеу барысында, баланың жағдайына қарайпсихологиялық ем, массаж, ойындар мен қызықтыру тәсілдері сынды ондаған емдеу және оңалту шаралары қолданылады. Мәселен, тіл шықпаудың физологиялық себептері анықталса, дыбыстау жүйесінің мүшелеріне арналған массаж жасалады. Онда классикалық массаж, аппаратпен жасалатын массаж және қолданылмалы массаж түрлері бар. Массаж жасауға жіберу үшін дәрігер рұқсаты қажет.
  • Қызмет көрсету жолдары. Балалар жеке не шағын топта (2-3 бала) және толық топта (5 балаға дейін) тәрбиеленеді. Онда балалардың жағдайына қарай түрлі ойындармен қызықтырып емдеу шаралары жүзеге асырылады.
  • Ата-анаға тапсырма. Әр қабылдаған ем мен шара күнделікке тіркеліп жазылып, ата-аналарына қосымша тапсырма беріледі.
  • Оңалту орталығында балаға ем жасау және оны оңалту кезеңі аяқталғанда мамандар жиналып, тағы да «командалық бағалау» жасайды. Комиссия шешімімен бала үйіне қайтарылады не ары қарай ем алуын жалғастырады. Айта кетейік, оңалту орталығында ай сайын ата-аналарға арналған тренингтер мен семинарлар ұдайы түрде ұйымдастырылады.