Мектептегі инновациялық және әдістемелік жұмыстың негізі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс болып табылады. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс – білім беру мекемесінің миссиясын орындау бойынша жетекші қызметтердің бірі.
Мектебімізде «Soft skills технологияларын заманауи мұғалімнің практикасына енгізу» тақырыбындағы 2021-2024 жылдарына арналған тәжірибелік-эксперименттік жұмыс жасалынуда.
2023 жылдың 17 мамыр күні эксперименттік алаң жұмысы бойынша оқу жылының басында жоспарланған «Икемді дағдыларды қалыптастырудағы топтық жұмыстың ролі» облыстық семинар өткізілді. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс бойынша мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында өткен семинарға эксперименттік алаң құрамындағы мектептерден 26 педагог қатысты. Мектепке келген қонақтарды эксперимент алаңының мүшелері А.А.Қобланова мен М.М.Досанның квест ойыны арқылы қарсы алды.
Семинарды мектептегі экперименттік алаңның модераторы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары М.Н.Ербозымова мен «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты» бас әдіскері, гуманитарлық ғылымдар магистрі М.Т.Адилханова ашып беріп, сәттілік тіледі. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыс жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі А.С.Сыдыкова семинарға қатысушыларды бағдарлама бойынша өтілетін іс-шаралармен таныстырып өтті. Шараға келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй, жағымды ахуал туғызатын тренингті А.С.Кужахметова мен А.К.Ешова жүргізіп, мектебіміздің педагог-шеберлері А.З.Боқаева мен Г.С.Конарова өткізген ашық сабақтарға қатысты. Бастауыш кластағы қазақ тілі мен ағылшын тілі пәнінен өткен ашық сабақтарда мұғалімдер бірлесе топпен жұмыс жасау арқылы икемді дағдыларды оқушыларға меңгерту жолдарын көрсетті. Оқушылардың белсенділігі мен өз ойларын ашық жеткізе білуі қонақтарды таң қалдырды. Сабақтан шыққан қонақтар мектептің тынысымен танысып, экскурсия жасады, мектепте жүргізіліп жатқан жұмыстарға куә болды. Эксперименттік алаңның мүшелері К.М.Кулынтаева, Ш.У.Мажитова, Ж.А.Сыдыкова «Жеке тұлғаның қызығушылығы мен белсенділігін арттырудағы топтық жұмыстың маңызы» коучинг сессиясын өткізіп, топтық жұмыстарды жүргізу арқылы аталған жұмыстың маңыздылығын көрсетті. Ж.Т.Жаймаганбетова мен Г.С.Утаршиева өз тәжірибелерін ортаға салып, оқушылардың коммуникативтік қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыс түрлерімен бөлісті. Семинар соңында А.Е.Карабасова мен Г.Т.Казахова шара қатысушыларынан кері байланыс алып, семинарға қатысушылар тарапынан оң баға берілді. Шара барысында тәжірибесімен бөлісіп, эксперименттік жұмысты жүргізуге атсалысып жүрген ұстаздар «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты» директоры Н.М.Абишеваның Алғыс хаттарымен марапатталды.