Домбыра — ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан, оның рухани жан серігіне айналған музыкалық аспаптардың бірі. Қазақтың қасиетті қара домбыраны меңгерудегі мақсат болашақ домбырашыны дайындаумен қатар, оған эстетикалық тәрбие беру. Домбырамен ән айтып күй шертуді байырғы ата—бабаларымыз салып кеткен ізбен шынайы ұлттық өнерімізді жалғастырамыз деген ниетпен мектебіміздің жанынын Домбыра үйірмесі жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда үйірмеде 100-дің үстінде шәкірттер білім алып жатыр.«Қолына домбыра ұстаған балаға имандылық пен дарындылықтың жылуы дарып, қатыгездіктен аулақ болады» — деген нақыл сөзде үлкен шындық жатыр. Өйткені домбыра — үлкен рухани, адамгершілік мектебі, баға жетпес эстетикалық өмір оқулығы. Домбыра талай ғасырлар тарихы мен хикаяларын шанағына сақтап, Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды сияқты батырлардың ерлігін жырлаған. Қос ішектен кең көсілген қазақ даласының желі есіп, Қозы—Көрпеш Баян Сұлу, Қыз Жібек пен Төлегеннің пәк сезімдері, Қаратаудан ауа көшкен елдің «Елім-ай» деген зарлы үні естіледі. Міне көшпенділердің қайталанбас мұрасы қолына домбыра ұстаған дала баласының көркемдік рухани көкжиегін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін ұштап, оны жыраулық, термешілік, әншілік және күйшілік өнерге жетелейді.