Жалпы, баланың дамуы кезінде тісінің қисық шығуы, таңдайы мен тілінің жырық болуы, аузын еркін аша алмауы — мұның бәрі тіл мүкістігіне әсер етеді. Сондай-ақ, туғаннан баланың есту қабілеті нашар болса, айтылған сөзді құлағында сақтап қала алмайды. Сол себепті де сөздерді анық айтпайды. Тағы бір әсер ететін фактор — жүйке жүйесінің зақымдалуы. Яғни, бала кішкене кезінен белгілі бір жағдайда қатты қорықса, шошынса да сөйлеу кезінде қиналады. Бұдан басқа да әртүрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, анасының екіқабат кезінде жұқтырған түрлі вирустары немесе сәби кезінде дұрыс салынбаған екпелер, экологиялық проблемалар — бәрі де әсер етеді. Тіл мүкістігінің бірнеше түрлері бар. Олар:
— сигматизм — с, ц, з, т, ж, г, щ әріптерін дұрыс айтпаудан сөздің бұзылуы;
— сақаулық — р әріпін айта алмау;
— лямбдацизм — л дыбысын басқа әріппен алмастыру;
— дизартрия — әріптерді дұрыс айтпаудан сөздің бұзылуы.
Балалардың «н» мен «ң» дыбыстарын дыбыстай алмауының бірнеше себебі бар. Егер балада сөйлеу мүшелері дұрыс қалыптаспаса, ол «ң» дыбысын нақты айта алмайды. Яғни, таңдайының биік орналасуы, жағының дұрыс жұмыс жасамауы, ернінің қалың болуы бұл дыбысты дұрыс айтуға кедергі болады. Сондай-ақ, бала қазақ тілді ортада тәрбиеленіп, тілінен «ң» дыбысын айта алмаса, маманға көрсеткен дұрыс. Ал орыстілді ортада өскен бала онсызда солай қалыптасып кетеді. Себебі бала үшін қалыптасудың ең үлкен үлгісі — ата-ана. Жалпы фонетикалық өзгерістердің бала тілінде болуы заңды құбылыс. Балалардың кейбір дыбыстарды айта алмауы немесе ұқсас дыбыстармен айтуы бала тілінің артикуляциялық базасының әлі толық қалыптаспағандығынан деп түсінген жөн.
Дұрыс сөйлеуді қалыптастыру үшін…
Кейде ата-аналар: «баламен жұмыс істеуді қашан бастау керек?», — деп сұрап жатады. Баламен ауызша сөйлесуді, жалпы жаттығуды кішкентай кезінен бастаған дұрыс. Ата-аналардың қателігі 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ерте жастан баланы маманға қаратса, соғұрлым нәтижесі де жақсы болады.Балада дұрыс сөйлеу қалыптасу үшін ұсақ моториканы дамыту керек. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ағзадағы барлық қозғалысқа жауап беретін ми қыртыстарының үштен бір бөлігінің жүйке нүктелерінің кескіні алақан мен саусақтарда орналасқан. Сондықтан зерттеушілер алақанды «екінші тіл» деп те атаған. Яғни, екі алақан мен саусақтардың ұсақ моторикасын дамыту арқылы баланың есте сақтау, ойлау, пайымдау, зейін салу, сөйлеу сияқты т.б қабілеттерін жақсарта аламыз. Ал оны дамытуды баланың 8 айлығынан бастаған дұрыс.
Тіл мүкістігін жоюға бола ма?
Тіл мүкістігі — тек дұрыс сөйлеу ғана емес, ойлағанын жаза алмау. Яғни, бала естігенін сол күйінше жаза салады. Мәселен, бала мектеп жасында дұрыс жазуды, ойлауды үйренбесе, сол күйінше қала береді. Біз баланың дұрыс жаза алмайтынын қалай байқаймыз?
Барлық жастағы адамдардағы тіл мүкістігінен арылуға болады. Яғни, жоғарыдағы айтқан төрт түрін де әртүрлі жолмен жоя аламыз. Ол үшін арнайы логопед маманға көріну керек. Маман ауыз қуысына қарай аппарат арқылы бірнеше сабақтар өткізеді. Түрлі жаттығулар береді немесе деңгейіне қарай жеңіл операциялар болуы да мүмкін.
Ата-аналар үшін…
Қазіргі таңда ата-аналар баласымен ауызша сөйлесуді ұмытып қалған. Балаларыңыздың әрбір әрекетін қадағалаңыздар. Олармен бірге сөйлесіңіздер. Баланың тілін түсінуге тырысу керек. Көшеде баласын ерткен ата-аналарды жиі көреміз. Баланың қолында гаджет, жанында анасы телефонмен сөйлесіп жүреді. Егер бала ата-әжесінің қолында болса, әжесі үнемі сөйлеп жүреді. Ертегі айтады, айналадағы нәрселерді көрсетеді, ән салады — баламен қарым-қатынас болады. Ал баламен сөйлесуде осындай әртүрлі тәсілді қолдану керек деп айтар едік.