Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған, Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген, ақтың молаятын, құттың таситын, тіршіліктің жаңаратын, пейілдің кеңейетін ұлық мереке — Наурыз мейрамы қарсаңында класымызда “Қош келдің, әз Наурыз!” шарасы өтті. Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатын біз ерекше тойладық.
Оқушылар ән мен биден шашу шашып, ұлттық ойындарды ойнап, ата-аналар ұлттық тағамдармен дастархан жайып, мерекені көтеріңкі көңіл-күйде өткізді.
Ең басты рәсім — кішкентай бүлдіршін Хамзаттың тұсаукесеріне куә болдық. Ата-баба дәстүрімен балапанның тұсауын мектебіміздің директоры Абзал Амантайұлы Тажимишев кесті. Перзентіне келешекте көпке үлгілі, жақсылықтың жаршысы болып, үнемі игі істердің бастамасында жүретін, елінің елеулісі, халқының қалаулысы Абзал Амантайұлының жолын берсін деп ырымдаған ата-ананың тілегі орындалсын.
Құрметті Абзал Амантайұлы, сізге класымыздың және ата-аналардың атынан алғыс айта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, қызметте шығармашылық табыс тілейміз!