Мектеп – ұрпақтың келешегін қалыптастыратын, адамзаттық құндылықтарды дарытатын қасиетті орда. Ал осы білім ошағында тер төккен ұстаздар – қоғамның нағыз алтын қазынасы.
5 қазан күні мектебімізде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл шара Ұстаздар күніне орайластырылып, білім беру саласында елеулі еңбек етіп, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде зор үлес қосып жүрген ұстаздарға құрмет көрсету мақсатында өткізілді.
Мерекелік жиында мектеп директоры Тажимишев Абзал Амантайұлы білім жолында саналы ғұмырын арнаған ұлағатты ардагер ұстаздарымыз – Карагозин Кайргали Мамбетович пен Куштаева Жадра Төлебайқызын арнайы құттықтап, алғыс білдірді.
Олар сан мыңдаған шәкірттердің жүрегінде мәңгілік орын алған тұлғалар болып қана қоймай, жас мамандарға үлгі бола білді. Мектеп директоры Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хатымен марапаттап, ұстаздардың білім беру жолындағы адал еңбегін жоғары бағалады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, оқушылар мен ұстаздардың өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Күй шертіліп, ән айтылып, жас өрендер ұстаздарға деген ризашылық сезімін жүрек жарды сөздерімен жеткізді. Мұндай ұмытылмас кеш ұстаздар қауымына үлкен рухани қолдау болып, олардың еңбегін асқақтата түсті.
Осындай жарқын шаралар ұстаздар еңбегінің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындап, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыратыны сөзсіз.