23 СӘУІР – «ҰЛТТЫҚ КІТАП» күні
23 сәуір – елімізде алғаш рет «Ұлттық кітап» күні болып белгіленді. Осы атаулы күнге орай мектебіміздің кітапханасындағы медиа оқу залында ұлы ақын, ойшыл, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Абайды оқы, таңырқа» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – ұлттың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, олардың рухани дүниесін байыту болды.
Кеш барысында Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты мәліметтер мен сұрақ-жауап форматындағы танымдық бөлімдер ұйымдастырылды. Абайдың шығармалары – халқымыздың мұңы мен арманын жырлаған, елдің рухани серпілісіне түрткі болған мәңгілік мұра. Оның поэзиясындағы гуманистік және ағартушылық сарындар сол кезеңнің өзінде-ақ халықтың санасына терең әсер етті.Іс-шараға 5–8 сынып оқушылары белсене қатысып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы бойынша түрлі тақырыптарда ой бөлісті. Әдеби кеште оқушылар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Ақынға», «Қуанбаңдар жастыққа», «Қалқам-ай» сынды өлеңдерін көркем мәнермен оқыды. Сонымен қатар, Абайдың қара сөздеріне терең талдау жасалып, оның философиялық, тәрбиелік мәні жан-жақты зерделенді.
Шараның соңында ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – Абайдың жүрекке жылы, сырлы әні «Көзімнің қарасы» оқушылардың орындауында караоке түрінде шырқалды. Бұл әдеби кеш оқушыларға ұлы ақынның бай мұрасын жаңаша қырынан танып, рухани тұрғыда әсер алуына үлкен мүмкіндік берді. Абайдың асыл мұрасын дәріптеу арқылы біз жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани байлықты сіңіреміз. «Абайды оқы, таңырқа» атты әдеби кеш – осы жолдағы маңызды әрі әсерлі қадамдардың бірі болды.




