«Ер Едіге» – ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жаңа ертегі кітабының таныстырылымы өтті
2025 жылдың 10 сәуірі күні Н. Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасында балалар әдебиетіне арналған маңызды мәдени шара – ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызының «Ер Едіге» атты жаңа ертегі кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапхананың оқырмандар залында ұйымдастырылған бұл игі шараға мектеп оқушылары, ұстаздар, кітапхана қызметкерлері және жас әдебиет сүйер қауым қатысты. Мақсаты – жас ұрпақты ұлттық рухани мұрамен таныстыру, көркем әдебиетті насихаттау, балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру.Шараны кітапхана қызметкері ашып, автордың шығармашылық жолына қысқаша шолу жасады. Одан кейін сөз алған Гүлімай Әбішқызы өзінің әдебиетке келу тарихы, алғашқы туындылары, аударма жұмыстары және балаларға арналған шығармалары туралы кеңінен баяндады. Ол «Ер Едіге» ертегісінің жазылу идеясы мен желісі жайлы әсерлі түрде әңгімелеп, бұл кітаптың оқырманға берер тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Атап айтқанда, «Ер Едіге» – халқымыздың ежелгі аңыз-әфсаналарына негізделген, бала санасына жақсылық, мейірімділік, әділдік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді дарытатын көркем ертегі. Ертегінің кейіпкері – кішкентай Едіге арқылы балалар ерлік, батылдық, отансүйгіштік ұғымдарымен терең танысады. Шығарма тілі – көркем, түсінікті, әрі оқырман жасына бейімделген.Кездесу барысында балалар авторға түрлі сұрақтар қойып, әдеби шығарма жазу барысы, ертегідегі кейіпкерлердің шығу төркіні және шығармашылық шабыт туралы қызығушылықтарын білдірді. Автор оқушылардың белсенділігіне алғысын айтып, жас ұрпақтың әдебиетке деген ықыласына ризашылығын жеткізді.
Шараға мектеп кітапханашысы Ниязова Венера Жалгабевна да қатысып, кітаптың тәрбиелік маңызы мен балалар әдебиетіндегі жаңашылдық туралы өз пікірін білдірді. Венера Жалгабевна бұл сияқты шаралардың балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыратынын және шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
Кеш соңында Гүлімай Әбішқызы қатысушыларға арнап өз қолтаңбасымен кітаптарын сыйға тартып, жас оқырмандармен естелік суретке түсті.Кітапхана ұжымы мұндай кездесулердің балалардың дүниетанымын кеңейтуге, рухани дамуына және кітап оқуға деген ынтасын арттыруға ықпал ететінін айтып, алдағы уақытта да осындай әдеби жобаларды жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.


