«Шабытым – халқым»

2025 жылдың 18 наурызы күні мектебіміздің кітапханасында «Шабытым – халқым» тақырыбында қазақтың дарынды ақыны, айтыскер, республикалық айтыстардың жүлдегері Жұлдыз Қожабековамен әсерлі шығармашылық кездесу кеші өтті.Кешке ұстаздар, оқушылар қатысып, қазақ сөз өнерінің биік үлгісіне куә болды. Бұл кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу, сөз құдіретін ұғындыру және шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру еді.

Кездесу барысында Жұлдыз Қожабекова өзінің шығармашылық жолы, ақындық өнерге қалай келгені туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Шараның мазмұнын байытқан сәттердің бірі – оқушылардың айтыскерге қойылған сұрақтары болды. Ақын әр сұраққа шынайы әрі мазмұнды жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар, Жұлдыз Қожабекова домбырамен шағын арнау айтып, кеш көрігін қыздыра түсті. Домбыраның қоңыр үнімен өрілген ақынның жүрекжарды жырлары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.Кеш соңында оқушылар  өлеңдер оқып, ризашылықтарын білдірді. Ақын да мектеп ұжымына алғыс айтып, оқушыларға білім мен өнер жолында сәттілік тіледі.

Осындай тағылымды кездесулер оқушылардың ұлттық болмысқа, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, шығармашылық шабыт береді.