"Ақтөбе қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Дінмұхамед Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная средняя школа-гимназия имени Динмухамеда Конаева" государственного учреждения Отдел образования города Актобе

Мектеп логопедінің рөлі

Тіл – адамзат баласына ғана берілген ұлы қасиет, ерекше қабілет, табиғаттың ғажап сыйы. Әр баланың сөйлеу қабілеті әрқалай. Сөйлеудің бұзылуы ─ балаларда ең көп кездесетін патология түрі, сондықтан мамандандырылған көмекті, емдеудің және оңалтудың жүйесін кешенді ұйымдастыру, бастауыш класс оқушылары арасындағы сөйлеу мен жазуда мүкістігі бар оқушылармен жұмыс түрлерін жүргізе отырып, сөйлеу тілінің кемістігін болдырмау, алдын алу ─ маңызы жоғары өзекті мәселелердің бірі.

Сөйлеу тілі, сөйлеу тілінің бұзылуына шалдыққан балаларды оқыту, тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу жүйесін ғылыми дәлелдеп құрастыру, өндеу және жетілдіру мақсатында мектебімізде логопед қызметі қарастырылған.

Оқу жылының басында бастауыш сынып оқушылары мектеп логопеді тарапынан зерттелді. Зерттеу барысында сөйлеу тілінің ақауы бар 53 оқушының тізімі анықталып,25 оқушы есепке алынды.Қалған оқушылар кезекке қойылды. Тіркеуге алынған оқушылар диагноздарына байланысты жас ерекшеліктерін ескере отырып, топтарға бөлінді.

  1. Сөйлеудің жалпы дамымауы
  2. Фонетико-фонематикалық жетілмеу
  3. Тұтықпа
  4. Инклюзивті оқыту.

Оқушыларды арнайы логопункт сабақтарына қатысу үшін сабақ кестесі құрылды. Мектеп логопеді оқу жылының жылдық және тақырыптық жұмыс жоспарларын  құрды. Сабақтардың негізгі пәндерден тыс уақытта өткізілуіне мән берілді.

Мектеп логопеді балалармен түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізіп отырады: тыныс алу, ерін, тіл, саусақ жаттығулары. Сондай-ақ ауызша гимнастика, моторика бойынша жаттығулар,кішкентай заттарды жинау және араластыру,артикуляциялық дағдыларын жетілдіруге бағытталған жұмыстардың маңызы зор.

Жаттығулардың мектепте ғана емес, сабақта және үйде жасалуы маңызды. Сондықтан логопед  мұғаліммен және сөйлеу тілі бұзылыстары бар оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста.

Бірінші тоқсанның соңында логопед тізімінен 3 оқушы шығарылды. Шығарылған оқушылардың орнына кезекте тұрған оқушылар тіркеуге алынды.

Дегенмен, оң нәтижеге келу үшін, баланы ақаусыз сөйлеуге  дайындау үшін отбасындағы ата-ананың белсенді көмегі қажет. Сөйлеу дағдысын қалыптастыруда ата-аналар қатысса, логопед пен баланың жұмысына оң әсерін тигізеді. Егер бұл қатысушылық саналы түрде болса, жақсы жоспарланған және ұзаққа созылса, онда ол тиімді бола түседі.

Ілімбаева А.С.