Интелектуалдық ойындардың ішіндегі ең үздік ойынның бірі ─ шахмат. Ежелден қалыптасқан шахмат ойыны тек қызықты ойын ретінде емес, сонымен қатар адамдардың аналитикалық ойлау қабілетін дамыту мақсатында жүзеге асқан.
Шахмат ─ ақыл-ой спорт түрі. Шахмат сөзінің мағынасы парсы тілінен патша (шах) өлді (мат) дегенді білдіреді. Әлемдегі кең таралған ойындардың бірі саналады. Қазіргі уақытта көптеген ата-аналар баланы шахмат ойынына үйретуді неғұрлым ертерек бастау баланың мектепке дайындығына оң ықпалын тигізеді, сондай-ақ баланың ақыл-ой және шығармашылық қабілеттерін дамытатынын мойындайды.
2018 жылдың 28 қаңтарында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай жасөспірімдер арасында шахмат турнирі өтті. Аталмыш турнирде №21 гимназия, №33 ОМ, № 55 ЖББОМ, “Баһадүр ” спорт клубы, балалар шығармашылық үйі және № 60 ЖББОМ топтары қатысты. №60 жалпы білім беретін орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және шахмат үйірмесінің жетекшісі Ешмаганбетов Серік Кеңшілікұлы аталмыш жарыс турнирін өзіміздің білім ордамыздың спорт залында өткізуді жөн көрді.
Жүлделі орынды қанжығаға байлау мақсатында жас шахматшылар қызу тартыста болды. Ойыншылардың міндеті уақытты есептеу, ойын жоспарын құру және оны жүзеге асыру ғана емес, сондай- ақ қарсыластың жоспарына қарсы тұра білу болды.
Ұйымдастырушылар мен төрешілер балаларға ыңғайлы жағдай жасауға тырысты. Өйткені жас шахматшыларға аса қырағылық , тұрақтылық, сондай-ақ аса көңіл бөлу қажеттілігі туындайды.
Балалалар демалыс күндерінің текке өтпегеніне, пайдалы іс пен қызықты істің бірге жүзеге асқандығына өз сенімдерін білдірді. Әрине, жеңімпаздарға мұның барлығы оңайға соқпады. Жеңістің туын желбіреткен №60 жалпы білім беретін орта мектебінің жас шахматшылары болды. Жарыс аяқталған соң әділқазы алқалары жеңістің қорытындысын жариялады. Сондай- ақ қалған жеңімпаздар 2-3 орындарды иеленді.
Барлық жас шахматшыларды ұлы жеңістерімен құттықтай отыра алдағы уақытта асқар таудай биік белестерді бағындыруларына сенім білдіреміз!
Ілімбаева А.С.