2019 жылдың 31 қаңтар күні мектебімізге тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен Қарғалы қалалық ауруханасының инфекционист дəрігері Кайбрахманова Г.К., профилактика бөлімінің дəрігері Сарсембаева Б.К., профилактика бөлімінің мед.ағасы Изтлеуов Б.Н. келіп, қызылша ауруы (қоздырушысы РНК-вирус болып табылатын жіті жұқпалы ауру) жөнінде мұғалімдер мен оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның мақсаты – оқушыларды және мұғалімдерді қызылшаның профилактикалық шаралары туралы кеңінен ақпараттандыру.
Шара барысында, мамандар аурудың белгілері – жоғарғы дене қызуы (40,5°C-ға дейін), көздің, жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс алу мүшелері шырышты қабығының қабынуы, ауыздың шырышты қабығындағы бөртпелер, денедегі дақты-папулалық бөртпелер, жалпы ағзаның улануы арқылы байқалатындығын айтып, маңызды алдын-алу шараларына тоқталды.
“Дені сау ұрпақ – ел болашағы,” – дегендей, мектеп оқушылары дәрігер мамандарға аталмыш тақырып аясында сауалдар жолдап, ғылыми-медициналық ақпараттарға жан-жақты қанықты. Ұсыныс:
– ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу;
– қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу;
– катаралды құбылыстармен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау қажет.
Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі алдын алу әрқашан оңай!