Қазіргі таңда әлем елдерін әбігерге түсірген пандемия жарияланғаннан бастап, күнделікті өміріміз түбегейлі өзгеріске ұшырады. Білім беру жүйесі де жаңа тәсілге көшіп, аурудың әрі қарай таралмауына күш салуда. Осы орайда, №60 ЖББОМ оқу үрдісін қашықтықтан Online mektep @bilimland.kz платформасы арқылы ұйымдастыруда.
1-4 кластар үшін кезекші сыныптар ашылып, онда 101 топ, 1300 білім алушы екі ауысымда, 3 күн онлайн, 3 күн оффлайн форматта оқуда. 5-11 кластарда оқу үдерісі қашықтықтан ұйымдастырылуда. Мұндай форматтағы оқу кезінде нені ескеруіміз қажет? Қашықтықтан оқыту дегеніміз – үнемі компьютер алдында отыру деген сөз емес. Қашықтықтан оқу – аз мөлшердегі онлайн сабақ және көп мөлшердегі оқушының жеке оқуы, соны естен шығармаңыз! Сіздің осы уақытта балаңызға көрсететін қолдауыңыз аса маңызды. Үйде өз бетінше оқуға болатындай жайлы атмосфера құрыңыз. Балаңыздың интернет ақпараттарынан қауіпсіздігін сақтау мақсатында шектеу қойыңыз. Интернет желісіндегі баланың жұмыс жасау рационын үнемі қадағалап отырыңыз. Қашықтықтан оқытылатын білім алушылардың дербес компьютермен, ноутбукпен, смартфонмен оқу сағаттарының үздіксіз ұзақтығы:
1-2-3 сыныптарда – 20 минут
4-5 сыныптарда – 25 минут
6-8 сыныптарда – 25 минут
9-11 сыныптарда – 30 минуттан аспауы шарт. Әр сабаққа 40 минуттық сабақ кестесі құрылғанымен, жоғарыда көрсетілген уақыттың сақталуы міндеттеледі.
Бастауыш сынып және жоғары сынып оқушыларының қашықтықтан оқу барысында білімді тиісті деңгейде меңгеруге арналған видео сабақтар дайындау ісі белсенді жүргізілді. Бұл орайда, қазіргі таңда 500-ге жуық сабақ бар. Мұғалімдер қауымы жаңа жағдайға бейімделіп, өз міндеттерін лайықты атқаруды жалғастыруда. Оқу үрдерісінің ұйымдастырылуына әрдайым әдістемелік көмек көрсетіліп, әкімшілік тарапынан тексеріліп, бақыланып отырады.
Еліміздің болашағы – саналы және дені сау ұрпақтың қолында. Білім бәсекесі заманында бірлескен еңбегіміз балаларымызды білім шыңына жетелейді. Елімізде болып жатқан жағдайларға түсіністікпен қарап, ертеңгі болашағымыз үшін үйден шықпай білім алуда бізбен бірге болыңыз!🤝✊