Қазақ халқы рухани зор байлықтың мұрагері. Ғасырдан – ғасырға мұра болып келе жатқан төл тарихымыз, мәңгілік мұрамыз бен мұратымыз – қолда бар алтын жәдігерлеріміз. Мектеп қабырғасында соларды насихаттап жатқан іс-шараларда имандылықтың, адамгершіліктің, парасаттылықтың негізі жатыр. «Үш құндылық һәм үш қуаттылық»! Құлақтың құрышын қандыратын осы тақырыптың аясында жуырда ғана Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясында түрлі шаралар өтті. Осы онкүндіктің аясында мектеп кітапханасының оқу медиа залында кітап патшалығына саяхаттау арқылы оқырмандарды әсемдікке бағыттап, халқымыздың ұлттық мәдени құндылықтарын дәріптеп, күнделікті танымдық қоржындарын қомақтандыру мақсатында 4 сынып оқушыларының қатысуымен «Әдемі әдебиет әлемі» атты телекөпір ұйымдастырылды. Алдын ала әзірленген сюжеттен жаңалықтардың «Кеше және бүгін» атты айдарынан шара барысында өтетін кезеңдері көрсетіліп, тележүргізушілікке қызығушылық танытатын оқушылар телекөпірдің тізгінін ұстады.
Шара барысында оқырмандар «Оқуға құштар мектеп-оқуға құштар ұлт», “Оқуға тиіс 100 кітап” жобалары, «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында өз сүйікті ақын-жазушыларының шығармаларын жатқа оқып, әдемі ертегі әлеміне саяхат жасап, «Сұхбат алаңы» айдарында өзге ұлт өкілдері таза қазақ тілінде сұхбат беріп, қазақтың салт-дәстүрлерін жатқа айтып, ұлттық құндылықтың маңызын түсіндіріп көрермендерді таң қалдырды.
«Баланы жастан» демекші, жас оқырмандардың санасына халқымыздың тәрбие негізі, асыл қазыназы – салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын дұрыс жеткізе білсек, ертеңгі күні олардан ұлтжанды қазақ азаматы мен азаматшалары шығатынына кәміл сенуге болады. Үш құндылығымыз һәм үш қуаттылығымыз аласармай, өз ана тілімізге, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметіміз өшпесін! Біздің қоғам үшін ұлттық құндылықтардың ұрпақ санасында қалып, олардың дәріптелуі өте маңызды.
Қуаныш Гүлдана Мұратқызы
«Ақтөбе қаласындағы
«Д.Қонаев атындағы
ЖББОМГ» КММ-нің
кітапханашысы