Инклюзивті білім беруді қолдауға бағытталған маңызды қадам
Білім беру ұйымында ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдау, олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау және инклюзивті білім беру ортасын дамыту мақсатында КПИ кабинеті ашылды.
Аталған кабинеттің ашылуы «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігінің арқасында жүзеге асты. Бұл – мектептегі инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге, педагог мамандардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға және әрбір баланың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, білім алуына қолдау көрсетуге бағытталған игілікті бастама.
Жаңа кабинет қажетті құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіліп, білім алушылармен түзету-дамыту жұмыстарын жүргізуге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұнда мамандар балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың танымдық қабілеттерін, сөйлеу тілін, қарым-қатынас дағдыларын және әлеуметтік бейімделуін дамыту бағытында жұмыс жүргізе алады.
Кабинеттің ашылуы педагогтер мен мамандардың өзара ынтымақтастығын нығайтып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.
Балаға қолайлы орта қалыптастыру, оның қабілетін ашуға мүмкіндік беру және қоғамда өз орнын табуына көмектесу – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта қолдау көрсетіп, игі істің жүзеге асуына үлес қосқан «Самұрық-Қазына» қорына шынайы алғысымызды білдіреміз!
Әр балаға – тең мүмкіндік, әр жетістікке – қолдау!
Инклюзивті білім беру – мейірімді қоғамның негізі.




Русский
Қазақша