Заманауи технологиялар арқылы сөйлеу тілін дамыту: логопед жұмысының тиімді әдістері
Баланың сөйлеу тілін дамыту – жүйелі жұмысты, шығармашылық ізденісті және заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалануды талап ететін маңызды үдеріс.
Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының логопедиялық жұмысында оқушылардың сөйлеу тілін түзетуге, дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын қалыптастыруға және тілдік белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі әдістер мен тапсырмалар қолданылады.Сабақ барысында заманауи технологиялардың бірі – «Умное зеркало» (ақылды айна) құрылғысы пайдаланылады. Бұл құрал балалардың сабаққа қызығушылығын арттырып, артикуляциялық жаттығуларды орындауына, сөйлеу мүшелерінің қимылдарын бақылауына және дыбыстарды дұрыс айту дағдыларын меңгеруіне көмектеседі. Көрнекілік пен интерактивті тапсырмалардың үйлесуі баланың зейінін шоғырландырып, оқу үдерісіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Логопедиялық сабақтарда артикуляциялық гимнастика, тыныс алу жаттығулары, дыбыстарды қоюжәне машықтандыру, фонематикалық есту қабілетін дамыту, сөздік қорды молайту, буындық құрылымды жетілдіру және байланыстырып сөйлеуді қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіледі.Сонымен қатар оқушылармен түрлі дидактикалық ойындар, суреттер бойынша әңгіме құрастыру, дыбыстың сөздегі орнын анықтау, сөздерді буынға бөлу, ұқсас дыбыстарды ажырату, сөйлем құрастыру және логикалық тапсырмаларды орындау жұмыстары ұйымдастырылады. Мұндай тапсырмалар балалардың ойлау, есте сақтау, зейін қою және өз ойын жүйелі жеткізу қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.Логопедиялық жұмыстың әр кезеңінде баланың жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктері ескеріліп, тапсырмалар оның даму деңгейіне сәйкес таңдалады. Ойын элементтерін қолдану оқушылардың қызығушылығын арттырып, тапсырмаларды ынтамен орындауына жағдай жасайды.Жүйелі жүргізілген түзету-дамыту жұмыстарының негізгі мақсаты – оқушылардың сөйлеу тіліндегі қиындықтарды жеңуге қолдау көрсету, дұрыс дыбыстау дағдыларын қалыптастыру және қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейту.
Әр баланың жетістігі – үлкен еңбектің нәтижесі. Логопед маманының ізденісі, заманауи технологияларды тиімді қолдануы және балаға жеке қолдау көрсетуі оның сөйлеу тілін дамытуға бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.




Русский
Қазақша