ТӘН КӨМІЛЕР, КӨМІЛМЕС ЕТКЕН ІСІМ
«ТӘН КӨМІЛЕР, КӨМІЛМЕС ЕТКЕН ІСІМ…»
Ойтолғау
Грим жағылды, жарық сөнді… Бірақ мен айнадан өз бейнемді емес, тағдыры тауқыметке толы, жары Ахметтің соңынан Итжеккенге кетуге даяр Бадрисафаны көрдім. Сол сәтте мен рөл ойнаған жоқпын, мен сол дәуірдің мұңын арқаладым.
Сахнадағы шырылдаған үнім — тек актрисаның дауысы емес, ғасырлар бойы тарихтың шаңында көміліп, айтылмай келген Алаштың аманаты. Сол сәтте көзімнен аққан әр тамшы жас өткен күннің өкінішіне бүгінгі ұрпақтың тағзымы еді. Алаштың «соңғы сөзі» неге үнсіз қалды?
Өйткені олардың үнін оқпен өшірмек болды. Бірақ рухты өлтіру мүмкін емес. Бүгін мен сол рухты сахна төріне шығару арқылы замандастарыма ой салғым келді: біз сол үнсіздікті ести аламыз ба? Біз еркіндіктің ауасымен тыныстап жүріп, оның бағасын сезінеміз бе? Біз киген сахналық костюмдердің астында суық түрмелердің ызғары, Бадрисафаның зарыға күтуі мен үміті жатыр. Менің көзімнен шыққан жас — өткенге деген аяныш емес, сол ұлы тұлғалардың алдындағы қарыздың өтелуі. Олар өлімге бас тігіп, бізге «сөйлеу» бақытын сыйлады. Ал біз сол «сөзді» қалай қолданып жүрміз?
Мен сахнада жай ғана Бадрисафаның киімін киген жоқпын, оның сол кездегі жай-күйін, сезімін көрерменге ұсындым. Менің сахнадағы шырылым — актрисаның дауысы емес, жарық сәулесінен айырылған соқыр жанның зары. Ең қымбатыңнан айырылған сәттегі дәрменсіздік адам баласы төзгісіз тозақ екен. Барымнан да, нарымнан да айырылдым… Бірақ соңғы үмітім, соңғы демім «Қазақ!» деп қабырғасы қайысып, ұлты үшін шырылдап жүрген Ахметімде еді. Тағдыр менің сол жалғыз сүйенішімді де аяған жоқ. Әділетсіз заман оны да өзімен бірге жұтып қойды. Мен сахнада тұрып, жалғыз қалған, жарынан да, баласынан да, бағынан да айырылған Бадрисафаның кейпінде бүкіл Алаш әйелдерінің тағдырын жоқтадым.
Қазіргі ұрпаққа хат
Бүгінгі смартфон мен жылдам ақпарат дәуірінде біз еркіндіктің бағасын ұмытып бара жатқандаймыз. Мен Бадрисафа болып еңірегенде, бүгінгінің қыздары мен жігіттеріне қарап: «Біздің бақытсыздығымыздың күлінен сендердің бақыттарың жаралды, сендер соған лайықтысыңдар ма?» деп сұрағым келді.
Александра бола тұра, қазақтың рухын сақтау үшін тозаққа түскен Бадрисафаның адалдығы — бүгінгі сезімдерге үлкен сабақ. Алаш арыстары бізді жай ғана жыласын деп емес, «Оян, қазақ!» ұранын іспен дәлелдесін деп жанын берді.
P.S. Осы жолдарды оқып отырған бауырым!
Театр пердесі жабылғанымен, Алаштың «үнсіз айқайы» тоқтаған жоқ. Ол сенің ана тілің, намысың, елге деген қызметіңмен жаңғыруға тиіс. Егер менің сахнадағы көз жасым сенің жүрегіңдегі ұлттық намысты оятса, демек, Алаштың рухы өлмегені. Алаштың аманаты — сенің қолыңда. Оны үнсіз қалдыруға хақың жоқ!
Карина АЙБОЛҚЫЗЫ,
Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектеп-гимназиясының
11 «В» сынып оқушысы.

Қазақша
Русский